ШЫМКЕНТТЕ 8 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ТОЛЫҒЫМЕН ІСКЕ ҚОСЫЛҒАН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында еңбек өнімділігін екі жарым есе көбейту, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз ету және агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын екі есе арттыру міндеттерін қойды. Осыған орай Жолдау аясында атқарылған жұмыстар жөнінде Шымкент қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбековтің қатысуымен тікелей эфирде сұхбат өтті.

– Осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 27,0 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,6 млрд теңгеге артты. Сонымен қатар, 18 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып, нәтижесінде жалпы құны 5,3 млрд теңгені құрайтын 8 жоба толығымен іске қосылды. Бұл ретте «Мен кәсіпкер боламын» бағдарламасы аясында «Көше саудасы және қызмет көрсету нысандарын орналастыруға жер телімдерін бөлу» бағыты бойынша «Shymkent» ӘКК арқылы жергілікті тауар өндірушілеріне жер телімі берілді, – деді Асқар Сәкенұлы.

Басқарма басшысының сөзінше, бүгінде 2 бірдей агро-индустриалды аймақты іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, көліктік-логистикалық орталық маңындағы 136 гектар аумақта заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешендерін салуға жер бөлінген. Осы орайда бірінші кезеңде қарастырылған жоба бойынша 30 гектар өнеркәсіптік жылыжай кешенінде 450 жұмыс орны ашылып, екінші кезеңінде 60 гектар жылыжайды құрайтын 20 жоба жүзеге асырылады. Сондай-ақ, Шымкент қаласының Қайнар бұлақ тұрғын алабы маңында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағын құру жоспарлануда.

Айта кетейік, мұнда биологиялық қоспалары бар құнарлы құрама жем өндірісін және сүт өндіру зауыты жобаларын жүзеге асыру, сонымен қатар шет ел инвесторларымен бірлесе сүт, ет, жеміс пен көкөністі қайта өңдейтін, консервілейтін жобалар жүзеге асырылмақ.

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы