Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауының бесінші бағытында «Қолжетімді әрі сапалы білім» және қашықтан білім берудегі цифрландыру жүйесіне ерекше тоқталып өтті.
Осыған орай Жолдауды халық арасында насихаттау мен атқарылған жұмыстар жөнінде Шымкент қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның қатысуымен тікелей эфирде сұхбат өтті.
– Қазақстан Республикасының Білім беруді және ғылымды дамытудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 4 индикатор және 21 қызмет белгіленген. Бүгінде Шымкент қаласы бойынша 3 индикатор және 14 қызмет толығымен орындалды. Білім берудегі жаңаша бағытты қолға алу бойынша орындалмай қалу қаупі бар қызметтерді жыл соңына дейін атқаруды жоспарлаудамыз. Екінші мәселе – колледж аяқтаған 8000-ға жуық бітірушіміздің кем дегенде 70 пайызын мемлекеттік бағдарлама аясында жұмысқа орналастыру. Оның 45 пайызы орындалды. Сонымен қатар, «Педагог мәртебесі туралы» Заң аясында басқарма тарапынан арнайы «Шымкент қаласының білім саласына қосқан еңбегі үшін медалі» дайындалуда. Яғни, келесі жылы оқушылар арасындағы кезеңдік сайыстарда халықаралық, республикалық дәрежедегі жеңімпаздарды дайындаған және өзіндік биік дәрежеге шыққан ұстаздарымыз марапатталады, – деді Жанат Арысбекқызы.
Басқарма басшысының айтуынша, осы жылы Шымкент қаласында 1-4 сыныптар аралығындағы кезекші сыныптарда 51 196 (23%) оқушы және 172 586 (77%) оқушы қашықтан білім алуда. Сабақтарды мектептер «Bilim Iand — Onlinemektep.org», колледждер «Smart Nation College» интернет платформалары арқылы оқытуда. Ал мектепке дейінгі ұйымдардағы кезекші топта 37 632 бала тәрбиеленуде.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы