Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментімен Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабына сәйкес, құқық бұзушылықтардың және басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал ететін мән-жайларды жою бойынша ұсынуды ұжымда қарау жалғасын табуда.
Бүгін Департамент басшысы А.Жұмағали және оның орынбасары Б.Ұзынжас Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің ұжымымен кездесті.
Онлайн шара барысында аталған Департаменттің бөлім басшысы белгілі бір мекемені әкімшілік құқық бұзушылыққа тартпағаны үшін банк карточкасына 500 мың теңге көлемінде ақша қаражатын аударту арқылы пара алды деп күдіктелетіндігі айтылды.
Кездесуде алдағы уақытта осындай жағдайларды болдырмау жолдары талқыланып, ұжымда парасаттылық қағидаттарын – адалдық, әділдік, әдептілік және сатылмаушылық құндылықтарын енгізуге назар аударылды.
Сондай-ақ, басшыларға бағынышты қызметкерлер тарапынан сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауына жол бермеу міндеті енгізілгені туралы айтылды.
Іс-шара қорытындысымен бөлім басшысын теріс қылықтар бойынша қызметтен босатуды, сонымен қатар, тікелей басшысының жауапкершілігін қарауды, алдағы уақытта осындай фактілерді болдырмау бойынша шараларды қабылдау туралы мәселені қарастыруды ұсынды – деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметі.