ШЫМКЕНТ: «ДОСТАСТЫҚТЫҢ ОПЕРА ЖҰЛДЫЗДАРЫ» ОНЛАЙН-ФЕСТИВАЛІ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

«Шымкент 2020 – ТМД-ның мәдени астанасы» жылы аясында 2020 жылдың 15-31 қазан аралығында «Достастықтың опера жұлдыздары» онлайн-фестивалі өтті.

Фестивальге Ресей Федерациясы, Өзбекстан Республикасы және елімізден жалпы 11 опера орындаушысы қатысты.

Фестиваль классикалық музыканың биік шыңы саналатын опера өнерін әлеуметтік желі тыңдаушылары арасында насихаттау, ТМД елдері арасында мәдени ынтымақтастық ауқымын кеңейту және қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай әндерін кеңінен тарату мақсатында өтті.

Опера орындаушылар фестивалінде Ресей Федерациясының еңбек сіңірген әртісі, Татарстан Республикасының Халық әртісі Агади Ахмет, Өзбекстан Республикасынан Халықаралық байқаулардың лауреаты Бегзод Садыков, Қазақстаннан ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин, Халықаралық байқаулардың лауреаттары Айдос Иманжаппаров, Гүлдана Алдадосова, Мақсат Мақұлбеков, Олеся Скорикова, Назым Сағынтай, Сұлтан Бақытжан, Нұрқанат Тапиев, Айбек Қанатбек әлемдік классик композиторлардың үздік әндері мен Абай Құнанбайұлының әндерін өздерінің ерекше үнімен тыңдаушы қауымды тәнті етті.

Онлайн-фестивальге қатысушылардың бейне өтінімдері 31 қазанға дейін қабылданып, бүгінгі күнге дейін әлеуметтік парақшаларда жарияланып, көпшіліктің қолдауы мен қошеметіне бөленді.

Фестиваль қорытындысы бойынша қатысушылар қала әкімінің арнайы дипломына ие болып және 2021-2022 жылдар аралығында карантин режимі аяқталғаннан кейін ерекше өнер көрсеткен өнерпаздар Шымкент (Қазақстан) қаласында өтетін халықаралық іс-шараларға шақырылатын болады.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі