Темір-бетон өнімдері құрылысқа ең қажетті материалдардың негізгісі. Сұранысы жоғары мұндай өнімдерді «DALA-CONSTRUCTION.KZ» серіктестігі шығарып жатыр. 2002 жылы құрылған зауыт бүгінде 210 адамды жұмыспен қамтып отыр. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, жұмыс барысын аралап көрді.
Кәсіпорын жылына 240 мың шаршы метр темір-бетон бұйымдарының жабын плитасын, 85 мың шаршы метр құрама-каркасты үйдің темір-бетон бұйымдарын, 32 мың шаршы метр өндірістік ғимараттар дайындауға қауқарлы. Сондай-ақ, 4,5 мың дана су шаруашылығы құрылысына арналған темір-бетон науалары, 4,8 мың дана темір-бетон электр желілерінің бағандары, 6 мың дана металл есіктер шығарады.
Зауыттың жалпы жер учаскесінің аумағы – 20 га. Кәсіпорын басшысының айтуынша, дайын өнімдер 100% ішкі нарыққа жөнелтілуде. Сондай-ақ, заманауи құралдармен жабдықталған кәсіпорын арнайы және қосалқы 100-ден астам техникамен қамтылған.
Ал, темір-бетон бұйымдарын өндіретін тағы бір өндіріс орны «Оңтүстік Құрылыс Сервис» серіктестігі. Зауыт бүгінде кеңейту және жаңғырту жобаларын жүзеге асыруда. 2011 жылы құрылған кәсіпорын жылына 20 000 текше метр темір-бетон бұйымдары, 60 000 шаршы метр қабырға панелін өндіреді. Зауыт дайын өнімді отандық нарыққа шығаруда.
Кәсіпорын басшыларының айтуынша, «Оңтүстік Құрылыс Сервис» серіктестігі «ҚДБ-Лизинг» компаниясымен жасалған келісімшарт негізінде зауытты жаңғыртуды қолға алған болатын. Барлық жаңа жабдықтарды іске қосу-жөндеу жұмыстары сәтті жүзеге асты.Атап айтқанда, бүгінде 3 жаңа жеке цех іске қосылды: палубасыз қалыптау желісі ұсақ бөлшектелген бетон бұйымдары цехы және қабырға панельдерінің желісі. Мекеме қазіргі таңда 110 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Г. Қалмырзақызы