Жемқорлықтың жалпылама белгілеріне кеңінен тоқталсақ, ол лауазымды адамның өзінің немесе делдал арқылы пара берушінің немесе оның өкілі болған адамның пайдасына жасаған іс-әрекеті (әрекетсіздігі) үшін ақша, бағалы қағаздар, өзге де мүлік, мүлік құқығы немесе мүлік сипатындағы пайда түрінде пара алу, туыстық, жерлестік, т.б. жақындықтарына байланысты қызметке ретсіз қабылдау және көтермелеу, сондай-ақ, мемлекеттік және қоғамдық мүліктерді талан-таражға салу.
Мемлекетте жемқорлықтың бел алуы көлеңкелі экономиканың пайда болып, экономикалық өсу қарқынының тежелуіне және әлеуметтік, саяси шиеленістердің күрт асқынуына ұрындырады.
Жемқорлық жасалу түрлеріне қарап екіге бөлінеді: жекелеген лауазымды қызметкерлер жасаған қылмыстық іс-әрекет және бірнеше лауазымды қызметкерлер бірігіп жасаған қылмыстық іс-әрекет (қысқаша Сыбайлас жемқорлық).
1989 жылы әлемнің дамыған 37 мемлекеті халықаралық бизнестегі жемқорлыққа қарсы күресу туралы конвенцияға қол қойды. Қазақстан осы конвенцияға қосыла отырып, 1998 жылы 2 шілдеде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылдады.