Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен 2015 жылы 10-11 маусымда Елордамызда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезі өтіп, оған 42 мемлекеттен 80-нен астам делегация қатысқаны белгілі.
Дін лидерлерінің алдында сөз алған Елбасы: «Егер әлемде бір нәрсе тек бір мәрте жүзеге асса, онда оны кездейсоқтық деп санайды. Екі немесе үш рет болса – бұл тарихи заңдылық. Ал егер көптеген мәрте жүрсе – Ұлы Тарих дегеніміз, міне, осы! Астана Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне қатысушылар мен меймандарын бесінші рет қабылдап отыр!» – деп, аталмыш шараның еліміздің бас қаласында өткізіліп отыруының тарих парақтарына жазылғандығына мән бере кеткен еді.
Басты назардағы жаһандық қауіпсіздік режимінің күрт әлсіреуі, әлемдегі әскери және ішкі дау-дамайлардың қауырт өсуі, халықаралық терроризм қатері, аш және жоқ-жітік адамдар санының азаймауы, рухани-өнегелілік құндылықтарының көмескілендірілуі сияқты басты бес мәселеге жеке-жеке тоқтала кетіп, бірлескен декларация қабылдауды ұсынды.
Жоғарыда айтылған шешімі күрделі, бүкіл әлем халқын толғандырып отырған жайттарға өз тарапынан мынандай ұсыныстар жасады.
«Бірінші. Барлық әскери жанжалдарды тоқтату және бітім жариялау. Барлық қарсы тұрушы тараптар келіссөздер үстеліне отырып, зорлық-зомбылықты тоқтату, бейбіт тұрғындарды қорғау, бүкіл қарама-қайшылықтарды бейбіт жолмен шешу жөнінде келісімдер қалыптастыруы тиіс.
Екінші. Кез келген елде және мемлекетаралық қарым-қатынастарда кез келген саяси қарама-қайшылықтарды шешудің күш қолдану тәсілдері батыл түрде теріске шығарылуы керек.
Үшінші. Бүкіл жетекші державалардың саяси лидерлерін қазіргі заманғы әлемдегі сенімсіздік шыңырауының ұлғая түсуін тоқтатуға шақыру маңызды. Салдарынан «үшінші әлем» мен қарапайым адамдар ауырырақ зардап шегетін өзара санкцияларды тоқтату қажет. Әлемді ХХІ ғасырда «қырғи-қабақ соғыс» уақытының стереотиптерін, әсіресе, блоктық ойлауды қайта жаңғырту қаупінен сақтандырудың маңызы зор. Бүгінде қарама-қайшылықтарды реттеу, соғыстар мен дау-жанжалдарды тоқтату үшін БҰҰ мен қауіпсіздіктің өзге де халықаралық құрылымдарының мүмкін деген барлық тетіктерін пайдалану керек.
Төртінші. Барлық адамдарды саналылыққа және Интернетті қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарын адамдар арасындағы дінаралық араздықтарды тұтандыру үшін пайдалану тәжірибесін тоқтатуға шақыру қажет. Бұл тұрғыда БАҚ-тардың қожайындары мен баспагерлерінің, өздерін «төртінші билік» деп атайтындардың бәрінің моральдық жауапкершілігін арттыру керек.
Бесінші. Мемлекеттер мен қоғамдарға кедейшілік, аштық, эпидемия, жұмыссыздық, табиғи зұлматтар мен техногендік апаттар проблемаларын шешу үшін күш-жігерді біріктіру өмірлік тұрғыда қажет».
Әлемде тыныштық пен келісімді орнатуға негізгі қадам ымыраға келуге дайын болу екендігі жеткізіліп, съезд жұмысының қортындысына сәйкес қатысушылар тарапынан бірлескен декларация қабылданды. «Рухани дипломатия» атанған түрлі елдердің діни қайраткерлеріне 21 ғасырдың сын-тегеуіріндері мен қауіптеріне қарсы бірлесе қарсы тұру қажеттігі туралы үндеу жасалды.
Мұратбек ДӘРІБАЙ