Шымкент қаласында жыл соңында бірқатар білім нысандарында құрылыс жұмыстары аяқталады. Осы орайда бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов мектептердің құрылыс барысын аралап, жұмыстың сапалы орындалуын бақылады.
Қала әкімі алдымен қосымша құрылысы жүргізіліп жатқан білім нысандарында болды. Бүгінде Тұрсынбаев көшесіндегі № 84 мектептің қосымша құрылысы «Ақ ордасы» ЖШС тарапынан жүргізілуде. Мердігер компания құрылысты 25 желтоқсанда аяқтауды жоспарлауда. Бүгінде жер жұмыстары мен іргетасын құю толық аяқталған, плита жабыны 70%, қабырға жұмыстары 90% орындалып отыр.
Бас мердігер «Өмірзақ» ЖШС тарапынан жүргізіліп жатқан № 17 мектептің қосымша құрылысы наурыз айында басталған. Нысан құрылысы жыл соңына дейін ақталады деп күтілуде. Айта өту керек, №17 және 84 мектептің құрылысы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында іске асырылуда.
Сондай-ақ, Мұрат Дүйсенбекұлы Бекет батыр – Тәшенов көшесінің қиылысында орналасқан өнер мектебінің құрылысымен танысты. Құрылысқа жауапты бас мердігер мекеме – «РСУ – 1» ЖШС-і. Негізгі ғимараттың жұмыстары және ішкі сылақ жұмыстары толық 100% біткен, ал абаттандыру жұмыстары 90% орындалды. Мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын осы жылдың желтоқсан айында аяқтауды жоспарлап отыр.
Жалпы Шымкент қаласы бойынша жыл соңына дейін жалпы 5100 орындық 9 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі таңда 1200 орындық 2 мектеп, 300 орындық 2 мектеп ел игілігіне берілді.
Қараша – желтоқсан аралығында қосымша әрқайсысы 300 орындық №17, 63, 84 мектеп және бір өнер мектебін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі