«Тәуелсіздіктің 30 жылдығы — егемендіктің бізге берген игілігін саралау және құндылығын бағалау мүмкіндігі. Біз барлық табысқа азаттықтың арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік — ең асыл, ең қымбат, ең киелі құндылығымыз».
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Президент қазіргідей алмағайып кезеңде мемлекеттер мен ұлттар әлсіреп, егемендігінен де оңай айырылып қалуы мүмкін екенін айтты.
— Бұған кешегі тарих пен бүгінгі әлем бедерінде мысалдар жеткілікті. Отанымыздың өсіп-өркендеуі үшін қастерлі Тәуелсіздігімізді қорғау және нығайту — әрбір Қазақстан азаматының және барлық саяси күштердің абыройлы міндеті, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің бұл ойының астарында үлкен мән жатыр. Расында, Тәуелсіздікті қорғау мен мемлекетті дамыту, қуатты ету – жалғыз биліктің, шенді-шекпенділердің немесе армияның, болмаса қала мен аудан әкімдіктерінің ғана жұмысы емес. Мемлекетті қорғау, нығайту, дамыту – өзін осы елдің азаматы санайтын әрбір адамның, әрбір қазақтың ісі. Демек, әрбіріміздің мойнымызда үлкен жауапкершілік бар. Осы елдің бағы баянды, ғұмыры бейбіт әрі берекелі болуына құдайдың алдында, тарихтың алдында және келер ұрпақтың алдында әрбіріміз жауаптымыз. Қазақстанда өмір сүретін кез келген өзге ұлыстың өкілдеріне қарағанда қазақтың мойнында екі есе жауапкершілік бар. Осы зор жауапкершілік үнемі ойымыздан шықпай тұрса, сол салмақты сезіне алсақ, тәуелсіз, ұлттық мемлекетіміз мәңгілік болады.
Осы орайда «Әрбір азамат жауапкершілікті сезіну үшін не істеу керек?» дейтін сауал туындайды. Біздіңше, адам жауапкершілікті мойнына алу үшін оның бойында сенім болуы керек. «Менің тағдырым осы елмен ғана байланысты, осы мемлекет барда өміріміз тыныш болады, ертең әлдеқандай күн туса, осы мемлекет бізді қорғайды, осы мемлекет дамыса, өзімнің және балаларымның өмірі бақуатты әрі мамыражай болады» деген нық сенім қалыптасқанда ғана адамдар жауапкершілікті сезінеді. Демек, мемлекеттің негізгі міндеті – бидай мен мақта өсіру, жол мен үй салу емес, халықтың бойында осындай сенім қалыптастыру. Сол сенім дұрыс болса, жолды да, үйді де халық өзі-ақ салып алады. Демек, қазір мемлекеттің өндіретін негізгі өнімі – сенім.
Міне, осы ақиқатты жете таныған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы ел тізгінін қолға алысымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі дейтін бірегей құрылым құруды бастап жіберді. Шынын айту керек, осыған дейін де біздің елде не көп — кеңес көп еді. Ауыл әкімінен бастап, сонау Үкіметтің жанына дейін қаптаған кеңестер бар. Олардың атынан да, санынан да адам жаңылысады. Несін жасырайық, алғашында көңілде «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі де сол көп кеңестің бірі боп қалмай ма?!» деген күдік тұрғаны рас. Бірақ, арадан өткен бір жылдан астам уақыт сол күдіктің бекер екенін дәлелдеп берді.
Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл кеңесті құрудағы мақсаты — қоғамды түбегейлі өзгертуге бағытталған ауқымды реформалар мен ұлтты жаңа сапаға көтеретін ұлттық модернизацияны сарапшылармен, азаматтық қоғам белсенділерімен және оппозициялық көзқарастағы қоғам қайраткерлерімен ақылдаса, бірлесе отырып әзірлеу болатын. Мемлекет басшысы сол арқылы елде қылаң бере бастаған сенім дағдарысының саяси дағдарысқа ұласып кетуіне жол бермеуді көздеді.
Біздіңше, Президенттің осы бір жылдан астам уақытта мемлекетті басқару мен елдің әлеуметтік-экономикалық өміріне байланысты жасаған өзгерістері азаматтардың билікке деген және ұлттың өзіне деген, өз болашағына деген сенімін біршама қалпына келтіргендей. Мұны Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жұмысының алғашқы нәтижелеріне қарап та аңғаруға болады.
Басқасын айтпағанда, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде әзірленген саяси реформалардың нәтижесінде Қазақстан келер жылы 10 қаңтарда өтетін Парламент сайлауына үлкен дайындықпен келіп отыр. Олай дейтініміз, өткен бір жылдың ішінде «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» Конституциялық Заңға және «Қазақстан Республикасындағы Саяси партиялар туралы» Заңға маңызды өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, саяси партиялардың сайлауға ұсынатын кандидаттар тізіміне әйелдер мен жастарға арналған 30 пайыздық квота белгіленді. Заң шығарушы билікте әйелдер мен жастардың салмақты орынға ие болуы — мемлекеттік басқаруда ұрпақтар сабақтастығының қалыптасуына, жастарға арналған әлеуметтік лифтілердің пайда болуына және гендерлік теңдіктің сақталуына мүмкіндік береді.
Тағы бір маңызды өзгеріс жаңадан құрылатын саяси партияларға қойылатын талаптың жеңілдеуіне байланысты болып отыр. Ендігі жерде саяси партия құру үшін бұрынғыдай кемінде 40 мың азаматтың қолын жинау талап етілмейді, 20 мың сайлаушының қолдауына ие болған саяси ұйым заңды тіркеуден өте алады. Бұл елдегі кәсіби парламентаризм мен көп партиялы жүйенің дамуына жол ашпақ.
Саяси жүйені жаңғыртудағы ең батыл шешімдердің бірі — заңнамаға «парламенттік оппозиция» ұғымының енгізіліп, арнайы норма ретінде белгіленуі. «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық Заңға енгізілген толықтыруларға сәйкес ендігі жерде парламенттік оппозиция бір сессияда кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізуге бастама жасауға құқылы. Одан бөлек оппозициялық фракция әр сессияда кемінде 2 рет Мәжілістегі Үкімет сағатының күн тәртібін бекіте алады. Ал, осы фракцияның жетекшісі немесе оның өкілеттілік берген бір депутаты Парламент палаталарының бірлескен отырысында, Мәжілістің жалпы отырыстарында, тұрақты комитеттердің, жұмыс топтарының отырыстарында, парламенттік тыңдау мен өзге де іс-шаралар кезінде кепілді сөз сөйлеу құқығына ие болады.
Қоғамды одан әрі демократияландырудың басты шарты – балама көзқарастар мен пікірлерге ашық болу. Мұны қазіргі билік жете түсіне бастағандай. Соңғы жылдары өз ұстанымдарын ашық білдіріп жүрген белсенді азаматтар бірқатар әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге атсалысқанына куәміз. Сайып келгенде балама пікірлер мен қоғамдық талқылау — тоқыраудың бастауы емес, керісінше, дамудың басты талаптарының бірі. Мұны бүкіл қоғам болып ұғына бастадық. Салмақты парламенттік оппозиция институтының қалыптасуы осы үдерісті одан әрі жеделдете түсері анық.
Пікір алуандығы, азаматтық қоғамның белсенділігі мен саяси бәсекелестік жоқ жерде елдегі күрделі проблемалар жабулы қазан жабулы күйінде қала береді. Ал, бұл өз кезегінде әлеуметтік наразылықтың өршуіне себеп болып, елдің тұрақтылығына қауіп төндірмек. Ал, ел ішіндегі қат-қабат проблемалар Мәжілістің биік мінберінен күн сайын ашық айтылып жатса, көшеде наразылық шерулерін өткізуге аса қажеттілік те қалмайды. Олай болса тәуелсіздікті тұғырлы, мемлекеттілікті мәңгі етудің көп мойындаған жолы – плюрализм мен демократияландыру.
Бүгін біз сөз еткен саяси реформалар — бұл кеңесте атқарылған ауқымды шаруаның бір ғана бағыты. Жалпы, кеңестің әр отырысында сан алуан маңызды мәселелер талқыланады. Мәселен, өткен аптадағы төртінші отырыста мемлекеттік басқаруды жетілдіру, білім беру, еңбек миграциясы, адам саудасының алдын алу және балалардың амандығы мен құқығын қорғау секілді өте өзекті мәселелер сөз болды.
Қорыта айтқанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі тарихтың жолайрықты кезеңінде елімізді демократияландыру мен әділ қоғам құрудың сара жолына бастап, өзінің миссиясын толық орындап шықты.
Ақпарат көзі Шымкент келбеті газеті