«Шымкент – адалдық алаңы». Осындай атаудағы кеңсе «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» Республикалық жобасы аясында ашылған болатын. Бүгінде бұл бастама өз жемісін беріп үлгерді. Қазір бұл мекемеде 50 азамат жергілікті тұрғындарға адал қызмет етуге кіріскен. 2018 жылы Елбасы тапсырмасына сай жұмыс бастаған жобасы нәтижесіз емес.
Адалдық алаңы жобалық кеңсе мамандарының ықпалымен білім, денсаулық, әкімдік қызметкерлерінің жұмыс тәртібі жіті қадағалауда. Қазіргі таңда жауаптылар мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға күш салуда. Қазірдің өзінде аталмыш қызмет түрлерінің Шымкентте 86 пайызы электронды түрге көшті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 90, келер жылы 100 пайызға дейін арттыру жоспарлануда.
Қазіргі таңда аталмыш бастама негізінде 133 мектеп пен 50ге жуық орта және ЖОО-да адалдық дүкендері ашылуда. Яғни, азаматтар қажетті заттарын дүкен иесінсіз саудағып, ақысын өз еркімен төлейді. Бұдан бөлек, барлық мекемелерге сенім жәшіктері орнатылып жатыр. Бұл кез-келген ортада ашықтық пен әділдікті орнатуға сеп болмақ. Сонымен қатар, коронавирустық дерт дендегенде қаладағы 535 дәріханада бақылау жүргізілді. Жауапты сала мамандары дәрілердің бағасын бақылауға алып, бармақ басты көз қысты әрекеттердің орын алмауына басты назар аударды.
Қазіргі таңда шаһардағы 365 дәріханаға препараттардың құнын анықтауға арналған аппарат орнатылды. Сол арқылы тұрғындар қажетті дәрі-дәрмектерінің бағасын фармацевт көмегінсіз QR код арқылы біледі. Бұл жоба Елбасы жолдауы аясында қолға алынған. Сондай-ақ, стратегиялық құжат негізінде мемлекеттік қызметкерлердің тестілеу тәртібіне де бірқатар өзгеріс енген.