ИНВЕСТИЦИЯ – МЕГАПОЛИС МҮМКІНДІГІН АСЫРАДЫ

Шымкенттегі «Су арнасы – Маркетинг» мекемесі 2019 жылы 5 млрд. теңгеден астам қаржыға инвестициялық бағдарламаны жүзеге асырды.

Бағдарлама 11 бөлім арқылы орындалып, соның нәтижесінде 34 шақырымға жуық су құбыры мен 3,5 шақырым кәріз жүйесі қайта жаңартылды, су құбырының құрылысы аяқталып, сорғы станциялары мен ұңғымаларда процесті басқарудың автоматтандырылған жүйесі 3 нысанда енгізілді. Тағы 8 сорғы станциясында құрылғылар энергия үнемдейтін баламасына ауыстырылды.

Бұл туралы ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаевтың жетекшілігімен «Су арнасы» мекемесінде өткен баспасөз турында мәлім болды.

Комитеттің Шымкент қалалық департаментінің және «Су арнасы» мекемесінің басшылары, депутаттар, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысқан баспасөз турында мекемеде ұзақ жылдарға жоспарланып, жүзеге асырылып жатқан инвестициялық бағдарламаның атқарылу барысы таныстырылды.

Қонақтар алдымен мегаполисті тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отырған мекеменің орталық диспетчерлік қызметінде болды. Мекеменің «миы» саналатын орталықта қала аумағындағы барлық су және кәріз құбырындағы жағдай алақандағыдай көрініп тұрады.

Белгілі бір нүктеде апат бола қалған жағдайда диспетчерлер оны экран арқылы бірден байқап, сол маңға жақын жүрген кезекші бригадаға хабар береді. Бұған қоса қала тұрғындарының күнделікті қанша су тұтынатыны, су өлшегіш құбырлар мен сорғылардың жұмыс барысы – бәрі орталық мәліметтер базасына жинақталған.

Орталық диспетчерлік қызметте апаттық-қалпына келтіру жұмыстары бригадаларының жұмысын жедел ұйымдастыру үшін «МББАЖ» бағдарламасы (мобильді бригадаларды басқарудың автоматтандырылған жүйесі) енгізілген. Мұндағы барлық көліктерде GPS жүйесі орнатылған.

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы бастаған топ бұдан кейін қала көшелерінің біріндегі құбыр ауыстыру жұмысымен танысты. Мұнда жердің астында қаншама жылдар бойы жатып, шіріген, аумағы кісі құшағындай алып құбырлар арнайы технологиялық әдістің көмегімен сыртқа шығарылып, орнына пластик құбыр қойылуда. Мұндағы артықшылық – ешқандай жол бұзылмайды және көлік қозғалысы тоқтамайды. 5-6 жұмысшы құбырды көлденең қазып алатын арнайы техниканың көмегімен ауыстыра береді. «Су арнасының» басшылары пластик құбырлардың болат құбырларға қарағанқа қызмет ету мерзімі ұзағырақ деп мәлімдейді.

Жұмыс тобына таныстырылған үшінші нысан – қала шетінде орналасқан кәріздік тазарту кешені болды. Мұнда «Су арнасы – Маркетинг» мекемесінің жетістігі деп айтуға тұрарлықтай биогаз өндіру құрылғылары орнатылған. 2016-2017 жылдары тазарту жүйесі толық жөнделген соң ашылған нысанда қала бойынша жиналған кәріз суы бірнеше деңгейлі тазалаудан өткен соң қалдығынан биогаз өндіріледі. Бұған қоса «Су арнасы» мекемесі осы кешенде электр энергиясын өндіріп, өз қажетіне жаратып отыр.

– «Су арнасы – Маркетинг» мекемесіне департамент тарапынан бес жыл мерзімге 11,4 млрд. теңгенің инвестициялық бағдарламасы бекітілген. 2019 жылы соның 5 млрд. теңгесі орындалды, ал биыл 2 млрд. теңгенің жұмыстары орындалып жатыр. Соның нәтижесінде құбырдағы нормативтік шығындар азайып, апатты жағдайлар азаюда. Ал қала тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіліп келеді, — деді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қалалық департаментінің басшысы Дархан Қайнбердиев.

Ақпарат көзі Шымкент келбеті газеті