ШЫМКЕНТ: ҚАЛА АУМАҒЫНДА 16 МОБИЛЬДІК ТОП РЕЙД ЖҮРГІЗУДЕ

Елімізде карантин режимі енгізілгелі Шымкент қаласында эпидемияға қарсы іс-шаралардың орындалуы бойынша тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде. Арнайы құрылған 16 мобильдік топ рейдтік шараларды орындауда. Бұл туралы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті хабарлады.

Мониторингтің бүгінге дейінгі нәтижесіне сәйкес, жалпы 299 қоғамдық тамақтану орындары мен тойханаларға 22 251 780 теңге айыппұл салынған. Соның ішінде 8 153 430 теңгені 74 тойхана мен мейрамхананың жауапты тұлғалары төлеген.

Бұдан басқа, жеке үйлерде өткізілген мерекелік жиындар бойынша 38 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, олардан 1 538 460 теңге айыппұл өндірілген. Аталған жайттар бойынша адамдардың көптеп шоғырлануына жол беріп, той өткізген тұлғалар мен нысан иелеріне ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабымен (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) әкімшілік хаттама толтырылды.

Айта кетейік, елімізде коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі сейілген жоқ. Сондықтан жауапты мамандар қала тұрғындарын көпшілік орындарға бармауға, бетперде тағып, санитарлық нормаларды қатаң сақтауға шақырады.

Шымкент қаласының Ақпараттық коммуникациялық орталығы