ДІНИ ТАНЫМ — ТҰРАҚТЫЛЫҚ НЕГІЗІ

Тәуелсіз еліміз өркениетті әлемге танылып, елдігіміздің берік іргетасы қаланып, қасиетті де киелі құндылығымыз – Егемендік халқымыз үшін жаңа өрлеу жолын ашты. Қазақстан көп ұлтты, көп конфессиялы, зайырлы мемлекет. Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан әркімнің діни наным-сенімі өз еркінде. Қазақстан – бейбітсүйгіш ел. Біздің елде діни алауыздыққа, ұлт араздыққа жол жоқ, өйткені еліміздің басты ұстанымы азаматтарымыздың бейбіт өмір сүруі.  Бейбітшілік – адамзаттың басты құндылығы. Дін ұлтқа бөлінбейді. Діни тұрақтылық та ең маңызды мәселелердің бірі. Әлемде орын алып отрыған кесір-кесапаттардың, ұрыс-жанжалжалдардың себебін белгілі діннен іздеу себепсіз.

Бүгінгі күні қоғамымызда діннің орны ерекше. Өйткені дін біріктіруші фактор. Ал кейбір топтар оны ыдыратушы фактор ретінде пайдаланғысы келеді. Сондықтан да дінді қоғамнан бөле жаруға болмайды.

Ел халқының жетпіс пайызын құрайтын мұсылмандар ислам дінінің ұстанымдары мен шариғатқа сай өзге ұлт, өзге дін өкілдеріне түсіністікпен қарайды. Осыған орай ешкімнің де ұлт және дін араздығын туғызуына, ел қауіпсіздігіне қатер төндіруіне ешқандай себеп жоқ. Ата-бабаларымыз ұстанған Ислам діні қандай болсын ұлтқа, дін өкілдеріне қарсы шықпайды және басқаларды бірлікке шақырады. Қайта олармен әлеуметтік деңгейде жақсы қатынаста болуға шақырады.

Бейбітшілік, татулық, игі қарым-қатынас пен көркем мінез-құлық, жақсылық пен бейбіт өзара жәрдемдесу мен түсіністік секілді ізгілік істердің барлығы да біз ерекше қастерлеп ұстанар асыл дініміз Исламның негізі.

         Біздің қазақ ерте бастан-ақ дінді ұстанып келе жатқан халық. Ата-бабаларымыз дәстүрлі дін исламды, оның ішінде Ханафи бағытын ұстанып келеді. Ұлы даламызда ғасырлар бойы Әбу Ханифа негізін қалаған Ханафи мәзһабы мен Матуриди мектебін ұстанудың арқасында ұлтымыздың ұйытқысы болғанын ескеруіміз қажет.

Қазіргі әлемдегі ахуал жайлы болмай тұр. Барлық халықтар мен мемлекеттерге қатер төндіретін лаңкестікке қарсы күрес жүріп жатыр. Лаңкесттіктің тамыры өте тереңге кеткен. Лаңкестік елге төнген қауіп. Бейбітшілік пен татулықты арқау еткен мемлекеттің билігін күйретуге әсер ететін бүгінгі таңда бүкіл әлем бойынша жаһандық мәселе бұл – лаңкестік. Лаңкестік – Ислам дініне түбегейлі жат дүние. Лаңкестіктің қауіптілігі оның белгісіздігінде.

Қазіргі таңда, діни деструктивті ағымдардың қатері сақталып тұрған уақытта еліміздің рухани кеңістігінің қауіпсіздігін аман сақтап қалу өзекті екендігі барлығымызға аян.

Елімізде дәстүрлі діни танымдарымыз бен салт-санамызға сіңген діни көзқарастарға үйлеспейтін әртүрлі пікірлер мен ұстанымдар бой көрсетуде. Бұл өз кезегінде, ұлттық құндылықтарымызға өзінің әсерін тигізуде. Қазақ халқы үшін дәстүрлі дін ретінде Ислам құндылықтарының күнделікті өмірде өз орынын алғаны белгілі. Қазіргі таңда осы ежелден халқымыз дәріптеп, құрметтеген дінге күдікпен қарайтын дәрежеге жеттік. Ислам атын жамылған ең үлкен қайшылық псевдосәләфилік бағытты ұстанушыларға қатысты болып отыр. Олар уақыт талабын ескермей, исламның алғашқы ғасырындағыдай қарапайым шекте ғана ойлап, әлемдік геосаяси ықпалдастарының бүгінгі, ертеңгі ағымы мен тасқынын ескермей тар аядағы теріс те зиянды пікір-тұжырымдарын айналасындағыларға тықпалауда.

Псведосәләфилік қазақтың салт-дәстүріне  ұстанған жолына мүлдем қарсы. Еліміз үшін дәстүрлі емес псевдосәләфилік мәселесі өзекті болып тұр. Дінге жаңадан бет бұрған азаматтарымызды адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысып жүрген кейбір күштердің жетегіне еріп жүргендер өзі ғана адасып қоймай, өзгелерді де адастурда.

Псевдосәләфилік ұстанымындағылар үшін басты жұмыс – идеологиялық жұмыс. Бұл дегеніміз псевдосәләфилік  жақтаушылары арнайы бір ұйым немесе басқарма құрып жұмыс жасамайды. Олар өздерінің идеологиясын жіпке тізген құмалақтай бір ізді етіп халықтың арасында уағыздаумен айналысады.

Псевдосәләфилік жақтаушыларының осындай  жұмысының нәтижесі жүзеге асу үшін біршама уақыт талап етеді. Уақыттың өтуімен халықтың арасында бөлінушілік пайда болады да Псевдосәләфилік ұстанымы тез тарап бүгінде исалм әлемінде болып жатқандай қантөгістерге алып келуі мүмкін. Өкінішке орай осындай ұстанымның жетегінде жүргендер оның парқына бармайды және оның арғы жағында дін емес саясат жатқанын аңғара бермейді.

Псевдосәләфилік көзқарасындағылар кез келген елдің тыныштығын бұзуға, адами құндылықтың жойылуына және белгісіз қияли армандармен өмір сүруге алып келетін, өзгенің қалауымен жүретін қоғам дерті. Мұндай топтар өзінен басқаларға зиянын тигізеді және мемлекеттің болашағына балта шабады.

Олардың көзқарастары қоршаған ортамен үйлеспейді және қоғам пікірімен санаса бермейді. Дін мәселесінде олармен тартысқа түскен кез келген адамның көзқарасы олар үшін жат болып табылады әрі ешкімнің пікірін қабылдамайды.

Мысырдың бұрынғы мүфтиі Шейх Али Жумаъ псевдосәләфилік ұстанымындағы адамдардың әрекеті төмендегідей өзгеріске түседі:

  • олар қоғамда болып жатқан кез келген жағдайларды дінмен байланыстырып олар үшін барлығы бидғат (дінге енгізілген жаңалық) болып шығады;
  • олар ақиқаттан гөрі өздерінің көзқарастарын жоғары қояды;
  • олар мұсылмандардың өмірін тарылтады да «харам» мәселелерінің ауқымын кеңейтеді;
  • олар басқа діни ғұламаларды мойындамайды және өздерінің түсінік шеңберлерінде ғана діни мәселелерді талқылайды;
  • олар ең алғашқы псевдосәләфилік идеологиясын насихаттаған тәлімгерлерге еліктейді және солардың айтуы бойынша жүреді;
  • олармен санаспағандарға қарсы және оларға қарсы тез үкім шығарады.

Жалпы психологтардың зерттеулері бойынша мінез-құлық ерекшеліктері жөнінен алғанда радикалды идеология ықпалына бірінші кезекте билік құмарлар, екінші кезекте пайдакүнемдер, үшінші кезекте әсіредіншілдер ұшырайды.

Шетін көзқарас пен лаңкестік әрекетке еліккіштердің мінез-құлықының ортақ ерекшеліктері ретінде өзіне және әлеуметтік жағдайына көңілі толмаушылық, кез келген қиындыққа өзгелерді кінәлауға бейімділік, әлеуметтік әділеттілікті тар ауқымда түсініп ортаны өзгертуге құлшыну, тәуекелшіл әрекеттерге бейімділік, өзін көрсету өзінің бір нәрсеге қабілеттілігін дәлелдеуге тырысушылық секілді сипаттар айқындалған.

Теріс пиғылды діни ағымдар өз қатарларына адамдарды арбағанда психологиялық әдіс-тәсілдерді пайдаланады. Дәлірек айтсақ «гипноздау», «зомбилау» сияқты әдістерді, яғни саналы азаматтарды басқарудан гөрі зомбиланған азаматтарды басқару бұлар үшін оңай.  Сондықтан бұларды жай топтар деуге болмайды. Бұлардың ұстанымында мемлекет, ұлт, дәстүр, тіл, тарих тіпті отбасы деген ұғым жоқ. Егер азаматтарымыз соның ішінде жастарымыз көзсіз соқыр сенімнің соңына еретін болса, онда ұлт және мемлекет деген ұғым жойылып кетуі әбден мүмкін.

Осындай ағымдардан қалай сақтанамыз? Ең алдымен отбасындағы тәрбиеге көңіл бөлген жөн, яғни ұрпақ тәрбиесі. Балаларымызға ұлттық дәстүр, мәдениет, ауыз әдебиеті үлгілері, діни наным-сенім, үлкенге құрмет, кішіге ізет туралы көп айтып отыру керек. Дінінен, мәдениетінен айырлаған халық жер бетінен ұлт ретінде жойылады.

Бір адамның шынайы байлығы – оның осы дүниеде жасаған жақсылықтары демекші шынайы байлығымыздан айырылмай өзгелерге пайдалы болайық, оның ішінде еліміз Қазақстанға. Біз үшін әрбір шаңырақтың түтінінің түзу ұшқаны маңызды. Келер ұрпағымыздың болашағы мен жарқын келешегі үшін қоғамдағы діни тұрақтылықты қамтамасыз ету маңызды. Себебі, білім, ғылым, денсаулық, экономика бәрі-бәрі де тек бейбіт күнде ғана дамымақ.

Шымкент қаласы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің директоры  Мади Бесбаев