Деструктивті діни ағымдар өздерінің мақсат-мүдделеріне қол жеткізу үшін тиімді әдіс-тәсілдерін барынша пайдаланады. Жылына қанша мыңдаған адамдар деструктивті діни ағымдардың құрбандарына айналуда. Мәселен, Ұлыбритания зерттеу орталығының талдау мәліметі бойынша Сирия мен Ирак жеріндегі дінмен байланыстырылған соғысқа әлемнің 80 елінен 41 490 адам қосылып, құрбандыққа ұшыраған. Құрбандар спекуляция арқылы құрылған идеологияға елігіп, алданумен тұзаққа түсіп жатады.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің «Терроризмге қарсы орталығының» әзірлеген сөздігінде келтірілгендей, арбау – материалдық сыйақы берумен кез-келген жұмыс, қызмет көрсету және т.б. тәсілдер арқылы заңға қайшы келумен жалдау арқылы адам іздеу, тарту және іріктеу жүргізу болып табылады. Осындай арбалудың салдарынан қаншама адам агрессиялық мінез-құлыққа ие болып, діни радикализацияға ұшырайды.
Діни радикализациядан жапа шеккендерге қатысты өзекті мәселенің бірі олардың көзқарастарын бейімдеу мен оңалту. Діни бағыттағы оңалту жұмысы – туындаған діни проблеманы максималды мүмкіншіліктер арқылы қалпына келтіру. Сондай-ақ, теологиялық, психологиялық тұрғыдан әсер беру арқылы адамды қалыпты жағдайға жеткізу формасы болып табылады. Діни фанатизм, діни радикалдық көзқарастан арылту жағдайында оңалту жұмыстары қажет етіледі. Сонымен қоса, оңалту жұмысы басталғанға дейінгі деструктивті, радикалды діни ағымдарға түскендердің жағдайы (кейде оңалту процесі кезінде де) қылмысқа бару ықтималдығы 50/50 болып тұрады. Оңалту жұмысын тиімді жүзеге асыру арқылы қауіпсіздікке жол ашылады.
Түрік ғалымы, профессор Ү.Гүнай «Діндарлықтың әлеуметтік психологиясы» атты ғылыми еңбегінде «Қоғамдағы әр нәрсе уақыт өтумен өзгеріске ұшырайды. Бұл өзгеріске қарсы шыққандар өмірлерін қиындықта қалдыруда» деп әсіредіншілдіктің сипаты туралы ой білдіреді. Осылайша құрбандар қоғамда орын алатын жаңашылдықты қабылдауға қарсы келеді. Саналарында догматтарды берік ұстанумен өзгеру сипатына бой алдырмайды. Демагогияның нәтижесінде қоғамда диссиденттер пайда болады.
Деструктивті діни ағымдардың құрбаны болғандарды оңалту жұмыстары әдістемелік бағыт бойынша жүзеге асырылады.
Деструктивті діни бағыттың құрбаны болған жапа шегушілерді субъективті тұрғыда екі санатқа бөліп қарастыруға болады:
1. Радикалды діни идеологияға ішінара (толық емес) байланыс құрушылар.
2. Радикалды діни идеологияға жан-дүниесімен (толық) байланыс құрушылар.
Салыстырмалы түрде қарағанда екінші санаттағы субъектілерден бірінші санаттағы субъектілерді оңалту процесі жеңіл келеді. Өйткені, бірінші санаттағылар деструктивті діни идеологияның қағидаларын толық санасына сіңірмеуімен байланысты. Ақпараттың толық сіңірілмеуі субъектінің саналы тұрғыда бас тартуынан емес, керісінше уақытылы қолжетімсіздіктің салдарынан. Мәселен, радикалды идеологияны жаңадан, жақын уақыттан бастап сіңіре бастауын айтуға болады. Санасына агрессиялық түсінік толық орнай қоймаған тұлғаларды бейімдеу жұмыстары неғұрлым қолайлы келеді. Олармен жұмыс жасаушы теолог мамандар діни принциптерді дәлелді дәйектермен қоса, ғылыми тұрғыда түсіндірумен қысқа уақытта оң нәтижеге қол жеткізуге болады.
Ал сәйкесінше, екінші санаттағы субъектілерді яғни деструктивті діни ақпараттарды санасына толық сіңіре білгендермен оңалту жұмыстары ұзақ, әрі кедергілі өткеріледі. Өйткені, радикалды идеология ойлау жүйесіне әсер етумен қатар күнделікті әрекетіне дейін көрініс беруімен ерекшеленеді. Олар өздерінің барлық болмысын қатаң қағидамен ғана шектейді. Бұл өз кезегінде бейімдеу, оңалту процесіне кедергі келтіреді. Тиімді қалыптастырылған әдістеме бойынша байланыс жасалмаса, субъектінің одан бетер радикалдануына әкеліп соғуы мүмкін. Бұл санаттағыларға оң нәтиже қалыптастыруда маманның біліктілік шеберлігі аса қажет.
Радикалды діни идеологияны ұстанушылармен оңалту жұмыстары барысында ескерілетін негізгі алғышарттар:
– «Дипломатиялық» қатынас. Радикалды діни бағытты мойындаушы тұлғамен оңалту жұмыстары барысында маман «дипломатиялық» қатынас деңгейін ұстануы қажет. Бұдан бөлек тараппен қорқыту, үркіту және дөрекілік таныту мәселені керісінше одан бетер күрделендіреді.
– Тиімді әсер ету. Ұқыптылық, сенімділік, дипломатия, әдептілік, ізгі ниетпен қарсы тараппен қатынас орнату. Жеке тұлғаны сендіруге, оңалтуға ықпал ететін бұл қатынас көбіне оң нәтиже береді.
– Талдау. Радикализацияның белгілі зерттеу объектісі мен субъектісіне талдау жүргізу арқылы сипаттама беретін қорытынды жасау. Әр түрлі деңгейліктегі діни әсерлерді талдап, анықтап ұсыну. Бұл оңалту жұмысының ең өзекті бағыты болып табылады. Аталған талдау дұрыс жасалмаса, нәтижелі көрсеткішке қол жеткізу мүмкіндігі де болмайды.
Діни оңалту бағытындағы маман:
– Деструктивті діни ағымдардың құрбандарымен тікелей оңалту бағытында жұмыс жасайтын мамандардың бірі – теолог. Оңалту процесінің басым көпшілігінде нәтижелі көрсеткіш теологтың біліктілігі мен біліміне байланысты. Оңалту жұмысында білікті теологты тарту арқылы:
– Нақты субъектілерге талдау жұмыстарын жүргізуге;
– Қарсы тараппен жоғары, тиімді және сенімді байланыс орнатуға;
– Қарсы тараптың мемлекетке деген аттракциясын, сенімін қалыптастыру және беделін көтеруге;
– Қауіп-қатері болуы ықтимал себептерді уақытылы анықтауға;
– Оңалту жұмысына кететін уақытты қысқартуға;
– Жеке санада сенімді түрде, күмәнсіз ақпараттың орын алуына;
– Оңалту процесіне кететін шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Деструктивті діни идеологияларға құрбан болғандарды оңалту жұмысы Қазақстанда белгілі деңгейде өткеріліп жатыр. Соңғы жылдың ішінде оңалту процесіндегі ең ауқымдысы ретінде «Жусан» операциясы арқылы елге оралғандарды қоғамға қайта бейімдеу жұмыстарын айтуға болады. Бұл гуманитарлы операция арқылы Қазақстандағы діни радикализациядан арылту, діни оңалту жұмыстарын кешенді жүргізу тәжірибесін бұрынғыдан да жоғары деңгейге жеткізуде.
Демек, ашық күрделі мәселемен бетпе-бет келу арқылы, теологиялық оңалту саласын одан ары дамытып, жүйелендіруде.
ТМД мемлекеттері аумағы бойынша салыстырмалы түрде қарағанда Қазақстанның нақты нүктелі жұмыстары бойынша кең ауқымды түсіндіру жұмыстарымен алда екені аңғарылады. Сонымен қатар, көп мемлекеттерде деструктивті діни ағым жақтаушыларына қатысты қатаң құқықтық тұрғыда баға беру (қатаң заңмен айыптау) арқылы жүргізіледі. Ал Қазақстанда бұл жағдай көбінесе гуманистік принциптерді ескерумен ерекшеленуде. Мұндай принциптерді ескеру – тұлғаның адамдық қадір-қасиетін, бақытты өмір сүруін, құштарлық пен талпынысын ояту және даралығы мен дамуын қолдау болып табылады. Бұл қатынас сайып келгенде адам өміріне құрметпен қарауды көрсетеді.
Діни радикализацияға ұшырағандардың барлығы дерлік өздерінің ұстанған бағытын дұрыс санаумен, қалғандарының барлығын адасушылықта деп кінәлайды. Соның салдарынан, өзін өзгеден артық санаумен қоғамға, адамзатқа деген жеккөрушілік сезімі пайда болады. Шетелдегі діни қарулы-қақтығысқа барып, кейін қолға түскен Ж.Сағынтай теологтардың ұзақ оңалту жұмысынан кейін: «Өмірдегі ең қауіпті нәрсе – діни мәселеде адам өзінің дұрыс емес ісін дұрыс, тура деп есептеуі» деген пікір білдіреді.
Қорыта келе, діни радикалдық санадан арылту жағдайы қоғам үшін маңызды. Тәуекелділікке барумен үміт пен үрей араласқан жағдайды сезіне отыра тұлғаны бейтараптандыру ісі маңызды болып отыр. Теологиялық оңалту процесіне жұмылдырылған күшті біріктіру арқылы еңсеру жағдайына қол жеткізіледі. Мемлекет үшін қауіпке түскен әр азаматтың одан шығатын жолын табуына ықпал етіп, көмектесу басты құндылық.
Жандәулет СҮЛЕЙМЕНОВ,
теолог
ақпарат көзі: haqjoly.kz