Еліміздегі денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңес өтті. Денсаулық сақтауды дамыту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі басымдықтарының бірі.
COVID-19-ға қарсы күрес бойынша эпидемияға қарсы шараларға қосымша 300 млрд теңгеден астам қаражат үйлестірілген, оның үштен бірінен астамы Денсаулық сақтау министрлігі арқылы бөлінген. Шамамен 60 млрд теңге карантиндік іс-шараларға тартылған денсаулық сақтау қызметкерлерінің үстемақысына және оларды қосымша ынталандыруға бағытталған. Бұл қаражатты жымқыру немесе мақсатсыз жұмсаудың алдын алу маңызды. Бөлінген әр теңге мақсатты жеріне медициналық қызметтер, жеке қорғау құралдары, дәрігерлерге үстемақы түрінде жетуі тиіс. Дәрігерлер өз денсаулығын пида етіп, пандемия кезінде халыққа күрестің алдыңғы шебінде көмек көрсетті.
«Пандемия бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің беріктігіне сынақ болып, денсаулық сақтау саласының жоспарларына айтарлықтай түзетулер енгізілді. Оның ішінде жемқорлық сипаттағы құрамдас бөліктерін айқындап берді.
Біздің азаматтарымыздың әл-ауқатының тірегі ретінде медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасына мемлекет айтарлықтай бюджет қаражатын бөледі.
Соңғы 15 жылда денсаулық сақтауды қаржыландыру кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен медициналық сақтандыру көлемін қамтамасыз етудің өсуін ескере отырып, 8 есеге ұлғайған (2005 жылы – 191,4 млрд теңге, 2020 жылы – 1,6 трлн теңге).
Кеңес қорытындысы бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу туралы бірлескен бұйрыққа қол қойды.