Шымкентте 26-29 қазан аралығында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы жұмысшы мамандығының танымдылығын және қоғамдағы беделін арттыру мақсатында «WorldSkills Kazahstan-2020» ұлттық чемпионатының аймақтық кезеңі өтті. Әр сала бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
Онлайн форматта өткен чемпионаттың жабылу салтанатында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жеңімпаздарды құттықтады.
– Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабылетті жастар. Мемлекеттік бағдарламалар жастарды жұмыспен қамтып қана қоймай, біліктілігін арттыруға, жаңа мамандықтарды игеруге, осы заманғы техника құралдарын шебер меңгеруіне барынша жағдай жасап отыр. Елімізде WorldSkills қозғалысын дамытуға ерекше мән берілуде. Аймақтық кезеңде топ жарғандар алда республикалық, халықаралық сындарда да абырой биігінен көрінетініне сенім зор, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
«WorldSkills Shymkent-2020» ұлттық чемпионаттың аймақтық кезеңіне 30 құзыреттілік бойынша 92 үміткер қатысып, бақ сынады. Атап айтқанда, Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі, М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжі, Политехникалық колледж, Жол-көлік колледжі, Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжі шәкірттері үздік нәтиже көрсетіп, 1 Дәрежелі диплом иегері атанды.
Жеңімпаздарға 70 мың, жүлделі ІІ орын иегерлеріне 50 мың, ІІІ орын иегерлеріне 25 мың теңге көлемінде сертификаттар мен дипломдар табыс етілді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі