«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында Премьер-Министрдің орынбасары Е.Тоғжанов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жанындағы «Antikor Оrtalygy» сервистік орталығының жұмысымен танысты.
Орталықтың негізгі қызметі қоғаммен ашық алаңда өзара қарым-қатынас жасау және тұрғындармен тиімді кері байланыс орнатуға бағытталған.
Қабырғалары әйнекпек жабдықталған департамент қызметкерлерінің кабинеттерін көрген қонақтар — бұл бастамалардың ашықтық пен сенімділікті қамтамасыз ететінін атап өтті.
Қонақтарға тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою, мемлекеттік қызметті алу кезінде қолайлы жағдайлар жасау және қоғамдық бақылаудың іске асырылуын қамтамасыз ету мақсатында «Астана ‒ адалдық алаңы» жобасы аясында атқарылып жатқан бастамалар таныстырылды.
Сондай-ақ мемлекеттік мекемелердің бюджет қаражаттарының жұмсалуын онлайн режимде қоғамдық бақылауға мүмкіндік беретін «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасы ұсынылды.
Департамент қызметкерлері карантин жағдайында тұрғындармен жедел байланыс орнатуға қолайлы «Antikor.Live» жобасы аясында жүргізілетін тікелей эфирлер мен брифинг студиясының жұмысы туралы айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша Ералы Тоғжанов сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті қызметіндегі ашықтық пен қоғаммен сындарлы ынтымақтастықты қамтамасыз етудегі жұмысына оң бағасын берді. Сонымен қатар бұл тәжірибені ақпараттық алаңдарда кеңінен жариялап, басқа мемлекеттік органдардың жұмысына енгізу қажеттігін атап өтті.