ШЫМКЕНТТІҢ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТІ 4 МЛРД. ТЕҢГЕ БЮДЖЕТ ҚАРАЖАТЫН ТИІМСІЗ ПАЙДАЛАНУЫНЫҢ АЛДЫН АЛҒАН

Мұндай статистиканы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Асхат Жұмағали ағымдағы жылдың 9 айында Департамент тарапынан атқарылған жұмыстар бойынша ANTIKOR ORTALYǴY-да өткен брифинг барысында мәлімдеді. 

«Мемлекет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылау, мақсатсыз пайдаланылуын және жымқыруды болдырмау, яғни алдын алу жұмысы маңызды міндет болып табылады. Осы мақсатта жыл басынан бері мемлекеттік сатып алу мониторингі бойынша жүйелі жұмыс жүргіздік» — деп атап өтті Асхат Жұмағали.

Оның айтуынша, нәтижесінде жекелеген мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар өткізілетін сатып алу сомасын едәуір арттыратынын көрсетуде.

«Мәселен, пандемия кезеңінде Денсаулық сақтау басқармасы бір бірлігі үшін 6,9 млн. теңгеден 12 медициналық монитор сатып алуды жоспарлаған. Ал веб-порталдың нақты деректері сатып алу бағаларын көтеру тәуекелдері бөлігінде стандартты бағалардан (медианалық)  60 пайыздан астам ауытқуды көрсетті.

Енгізілген ұсынымдардан кейін әкімдіктің бейінді басқармасы бағаларды төмендету жағына қарай қайта қарап, оларды 2,9  млн.теңгеге дейін төмендетті. Аталған лот бойынша үнемделген қаражат 47,4 млн. теңгені құрады» — деді спикер.

Компьютерлік томографтарды сатып алу кезінде де осындай жағдай орын алған.

Бейінді басқарма жабдықтың бір бірлігін 460 млн. теңгеге сатып алуды жоспарлаған. Бұл өз кезегінде оның нарықтық құнынан айтарлықтай жоғары болып табылады.

Департамент ұсынысының нәтижесінде медициналық жабдықты 160 млн.теңгеге сатып алып, 300 млн. теңгеден астам қаржы үнемделген.

Үнемделген қаражатқа Басқарма қосымша 2 компьютерлік томограф сатып алған.

Бұған дейін хабарланғандай, осы тұрғыдағы сатып алулар білім, энергетика және коммуналдық шаруашылық, мәдениет, спорт, табиғи ресурстар, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту басқармаларында анықталған.

«Жалпы алғанда, Департамент «Сатып алудың бірыңғай терезесі» порталындағы мониторинг нәтижесінде 4 млрд. теңгеден астам сомаға бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың алдын алды» — деп қорытындылады Асхат Жұмағали.