ANTIKOR LIVE: ШЫМКЕНТТІҢ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТІ 20 КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІСІНІҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРДІ

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Асхат Жұмағали а.ж. 9 айында Департаменттің жұмысын қорытындылаған онлайн брифинг барысында мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта кәсіпкерлікті кешенді қорғауды қамтамасыз ету мақсатында «Protecting Business and Investments, яғни Бизнес пен инвесторларды қорғау» жобасын іске асырудамыз.Инвесторлардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеуге алынуының басты шарты мемлекетіміздің аумағында адал және парасатты бизнес жүргізу бойынша өзіне міндеттеме алу болып табылады» — деп хабарлады спикер.

Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолдаумен 72,5 млрд. теңге сомасына 35  инвестициялық жоба (6 шетелдің қатысуымен) қамтылған.

Бизнесті қорғау шеңберінде барлығы 20-ға жуық кәсіпкерлік субъектісінің құқықтары қалпына келтіріліп, олардың қызметіне заңсыз араласқаны үшін 8 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Мәселен, кәсіпкерден ақша талап еткен Абай ауданының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Сұлтанбай сотталды.

Сотта кәсіпкерді жауапкершілікке тартпағаны үшін 200 мың теңге көлемінде заңсыз сыйақы алды деген күдікпен қалалық Экономикалық тергеу департаментінің аға жедел уәкіліне қатысты қылмыстық іс қаралуда.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің  бөлім басшысы Сейлбекұлы айыппұл төлеуге  сотталды.

Ол кәсіпкерлік суъектісін әкімшілік жауапкершілікке тартпау сылтауымен 500 мың теңге көлемінде пара алған.

Баяндама соңында Асхат Жұмағали бизнес өкілдерін мемлекеттік органдар тарапынан әкімшілік қысым болған жағдайда Департаментке жүгінуге шақырып, міндетті түрде тиісті шаралар қабылданатындығын жеткізді.