ANTIKOR LIVE: 4 МЛРД. ТЕҢГЕГЕ ШЫМКЕНТТІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ МҮДДЕЛЕРІ ҚОРҒАЛДЫ

Осындай статистиканы Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Асхат Жұмағали ағымдағы жылдың 1-жартыжылдығында Департаменттің жұмысын қорытындылау барысында хабарлады. 

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басымдықтарына сәйкес мемлекеттік сатып алу мониторингі бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде (ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап «»Сатып алудың бірыңғай терезесі» порталы арқылы).

Білім, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, табиғи ресурстар, Еңбек және әлеуметтік қорғау, энергетика және коммуналдық шаруашылық мемлекеттік мекемелерінің сатып алу мониторингі нәтижесінде ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 427  млн.теңге үнемделді.

Экономикалық жағдайды және карантин енгізілуін ескере отырып, бұқаралық және мерекелік іс-шараларды өткізу, жеке қорғану құралдарын сатып алу, сондай-ақ ерекше тәртіп бойынша сатып алуға ерекше назар аударылды» — деді спикер.

Мәселен, ағымдағы жылдың мамыр айында коронавирус қаупінің артуы және мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізудің орынсыздығы туралы біз енгізген хаттардан кейін 740 млн. бюджеттік қаражат сомасына мерекелік іс-шараларды өткізу бойынша сатып алулар тоқтатылды.

Мониторинг барысында тапсырыс беруші Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы болып табылатын жасыл желектерді күтіп ұстау бойынша лотқа ерекше назар аударылды.

Әкімдіктің құрылымдық бөлімшесі бір көше мен мегаполистің  үш нысандарын (әуежай, теміржол вокзалы және орталық стадион аумағы) күтіп-ұстау үшін 1 млрд.теңге жұмсауды жоспарлаған.

Анықтама: 2018 жылы мұндай мақсаттарға тек 894 млн. теңге жұмсалған. Аталған қаржы 110  көше мен түрлі нысандарды қоса алғанда, қаланың барлық аумағы бойынша өсімдіктерді ұстауды қамтамасыз еткен.

Бұл ретте веб-порталда конкурсқа қатысу үшін талаптар, сондай-ақ қажетті сипаттамалар болмаған.

Сонымен қатар, Басқарма карантинді пайдалана отырып, лотты Тапсырыс берушіге шағымданусыз, жеңілдетілген түрде рәсімдерді жүргізуге мүмкіндік беретін арнайы тәртіп бойынша өткізілетін сатып алулар тізіміне енгізген.

«Біздің араласуымыздан кейін 1 млрд.40 млн. теңге сомасына аталған лот тоқтатылып, ал қаражат өзге мақсаттарға жұмсалды. Бұл ретте Департамент бюджет қаржысының талан-таражға салынуының алдын алғандығын сеніммен айтуға болады.

Жыл басынан бері мемлекеттік сатып алу мониторингі шеңберінде орган талдаушылары 2,2 млрд.теңгеден астам қаражат үнемдеді, ал тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша бюджетке 1,8 млрд. теңге өтелді.

 Жалпы, Департаментпен 4 млрд. теңгеден астам сомаға мегаполистің экономикалық мүдделері қорғалды», деп сөзін қорытындылады Асхат  Жұмағали.