ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кеше онлайн жиын өткізіп, өңірдің бас имамдарына санитарлық талаптарды қатаң сақтауды, халыққа психологиялық қолдау білдіріп, көбірек истиғфар, салауат айту және садақа ниетімен құрбандық шалуды ұйымдастыруды тапсырған болатын.
Осыған орай Бас мүфти бүгін елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешіті ауласында құрбан шалып, ел амандығы үшін Жаратқаннан дұға тіледі.
«Ел басына қиындық туған осындай алмағайып сәттерде бабаларымыз құрбан шалып, Алладан медет сұраған. Қазіргі уақытта жұқпалы аурудың кеңінен тарауы елімізді, жұртымызды сарсаңға салды. Қаншама ел азаматтары ауырып жатыр, дүние салып жатқандары да бар. Мұндай қиын кезеңде құрбан шалып, көбірек истиғфар, салауат айтып Жаратқаннан медет, шипа сұрауымыз қажет» деп атап өтті Бас мүфти.
Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздің барлық мешітінде осындай құрбан шалу шаралары өткізіліп, індеттің беті бері қарауы үшін Алла Тағаладан көбірек дұға тілеуге шақырды.