Президенттің халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасына сәйкес Шымкент қаласында ANTIKOR ORTALYǴY сервистік орталығы ашылды.
Орталықтың негізгі мақсаты — халықпен тиімді кері байланыс орнату, кедергісіз қызмет көрсету, ашықтық, адамдардың қажеттілігіне жедел әрекет ету болып табылады.
Жаңа сервистік орталықтың салтанатты ашылуына Агенттік Төрағасы Алик Шпекбаев, мегаполис әкімі Мұрат Айтенов, «Шымкент — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің, Арнайы мониторинг тобының, «Ізгілік елшісі» жобасының, қала әкімдігінің өкілдері, сондай-ақ Агенттік пен Департамент қызметкерлері қатысты.
Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов: «Қазіргі таңда Шымкент қаласында көрсетілетін 160 мемлекеттік қызметтің 88,1% автоматтандырылған. Бұл жемқорлықты азайтуға, қоғамның мемлекеттік органдарға сенімін арттыруға бағытталған құқықтық-әкімшілік және ұйымдастырушылық шараларды іске асыруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті.
Бұл республика бойынша үлкен орталықтардың бірі. Ол қандай да бір кедергісіз, оның ішінде қабырғалары жоқ, барлық бөлмелер шыны кабинеттерге ауыстырылған «Open space» форматында салынған және бұл тиімді өзара іс-қимыл үшін жасалған.
Бірінші қабатта келушілерге кеңес беретін ресепшн-кеңесші қарсы алады, барлық рәсімдерді түсіндіреді және мамандарға бағыттайды.
Кіре берістің сол жағында келушілерге арналған күту аймағы бар. Мұнда адамдарға, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін барынша қолайлы жағдай жасалған – ыңғайлы жиһаз, ауыз су, интернет.
Сондай-ақ, азаматтардың ыңғайлылығы үшін балалар жиһазы мен ойыншықтармен жабдықталған балалар аймағы бар.
Күту кезінде азаматтар ақпараттық модуль арқылы Департаменттің қызметімен және Агенттікпен жүзеге асырылып жатқан жобаларымен таныса алады, сондай-ақ заңнаманың деректер базасына қол жеткізу мүмкіндігіне ие болады.
Азаматтарды қабылдауға арналған арнайы кабинет, сондай-ақ кеңсе қызметкерлері мен іс жүргізу офицері үшін шет елдердің құқық қорғау құрылымдарының тәжірибесі бойынша жабдықталған кабинеттер бар. Мұнда процессуалдық офицерге, күдіктіге және оның қорғаушысына бір-біріне бетпе-бет отыруға (тең құқылық принципі бойынша) мүмкіндік беретін үшбұрышты үстел орнатылған. Онда сонымен қатар тергеу әрекеттерін де жүргізуге болады.
Жалпы, сервистік орталық органның транспаренттілігі мен клиентке бағдарланушылық принципіне толық сәйкес келеді.