ШЫМКЕНТ АҚЫЛДЫ ҚАЛАҒА АЙНАЛЫП КЕЛЕДІ

«Цифрлық Қазақстан» – жаһандану талаптарына сәйкес, жаңғыру тетігі. Тың технологияларды игере отырып, цифрлы экономикаға өту — Елбасы қадап айтқан негізгі тапсырма. Мемлекеттік бағдарлама әсіресе, мегаполис атанған көне шаһар Шымкенттің гүлденуіне аса қажет. Қаланың еселеп дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтсақ, Шымкентте енді ақылды қалаға айналып келеді. Қала көшелеріне ақылды аялдамалар салынуда. Оқу жүйесі де цифрлық жүйеге көшуде.

Қазақстан жаңашылдығымен ғана өзге елдермен бәсекелестікті арттыра алады. Сол себепті, әлем мойындап отырған бұл бастамалар Қазақстанның жоспарлы да қарқынды дамуын көздейді. Бұл ретте көне шаһар Шымкенттің де қауіпсіз  қалаға айналуы -басты назарда. Бүгінде қауіпсіздік, транспорт, тұрғын үй коммуналды шаруашылық, білім, денсаулық сақтау салаларын цифрландыруға жіті мән берілуде. Электронды билет, автобус ішін кондиционермен жабдықтау қолға алынған. Ағымдағы жылдың 8 қарашасынан бері тіпті, қоғамдық көліктерге тұрғындар жолақысын мобильді телефон арқылы да төлейді. Бұдан бөлек жауапты сала мамандары «2gis»  мекемесімен келісім-шарт түзуді жоспарлап отыр. Ол кезде тұрғындар қоғамдық көліктің қайда келе жатқанын, өз аялдамасына қанша уақытта келетінін осы бағдарлама көмегімен анықтай алады. Сонымен қатар, қаладағы барлық мектепте онлайн оқыту жүргізіліп жатыр. Білім ұяларына мемлекеттік бағдарламасы аясында соңғы үлгідегі  «WiFi» жүйесі орнатылды. Оқушылар оқу процесінен тыс зиянды сайттарға кіре алмайды.  Мамандар ондай желілерді тұйықтап тастаған. Қазіргі таңда, интернет желісі нашар мөлтек аудандар анықталып, биыл 11 шағынауданға желіні жақсартуға арналған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қаладағы жолдарға 478 камера орнатылған. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында 1236 аулаға 2441 камера орнатылды. Шаһарда 60-қа жуық сергек бейнебақылау қондырғысы бар. Мұның көмегімен мемлекеттік қазынаға 117 млн. теңге айыппұл өндірілген. Шаһарда ақылды жолаушылар жолағы артып келеді. Сондай-ақ, қазіргі таңда қаладағы №3 қалалық емхананы ақылды емхана жүйесіне айналдыруды көздеп отыр. Осы арқылы сырқаттар барлық кезек күтпейді, әрі дәрігер қызметін электронды түрде бағалай алады. Мемлекеттік цифрландыру бәсекеге қабілеттікті арттырады. Бұл тұрғыда Шымкенттің жаңашылдыққа ұмтылуы қаланың ел аумағында ғана емес, бүкіл түркі дүниесінде, әлемдік қауымдастықта танымалдығын арттыра түспек.

Country News ақпараттық агенттігі