Мемлекеттің болашақта әрі қарай дамуы мен гүлденуі тікелей жастарға байланысты болатындықтан, олардың дұрыс жолды таңдап, қоғамға пайдалы болуына аға буын кеңесінің ықпалы зор.
Осы орайда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті жанынан құрылған Ақпараттық-ағартушылық штабтың мүшесі, жазушы М.Байғұт М.Әуезов атындағы ОҚМУ студенттерімен кездесті.
130-дан астам студент қатысқан жиында Мархабат Байғұтұлы көркем әдебиет пен журналистиканың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі рөлі туралы айтып, жастарды кітапқа құмартуға шақырды.
Сонымен қатар, Штаб мүшесі еліміздің бүгіні де, болашағы да жастардың қолында екенін айтып, оларды парасаттылыққа, адалдыққа үндеді.
Ұлы Абай, Әл-Фараби шығармаларындағы тәлім-тәрбиелік ой-пікірлері болашақ мамандардың мықты тұлға болып қалыптасуына оң ықпал тигізетіндігін атап өтті.
Өз кезегінде студенттер белгілі жазушының өміріне қызығушылықтарын білдіріп, сұрақтар қойып, белсенділік танытты.
Сонымен қатар, Штаб мүшесі «Парасат» басқармасының, «Sanaly urpaq» жобалық кеңсесінің, «Ізгілік елшісі» жобасының өкілдерімен кездесіп, жұмыстарымен, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алуда алға қойған мақсаттарымен таныстырып, бірқатар ұсыныстар жеткізді.