ШЫМКЕНТ ЕЛІМІЗДЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ ДИНАМИКАСЫ БОЙЫНША ЕКІНШІ ОРЫНДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында пандемияға байланысты бюджетті қайта қарап, тиімсіз шығыстарды қысқарту жөнінде нақты тапсырма берді. Осыған орай Жолдау аясында атқарылған жұмыстар төңірегінде Шымкент қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Рақымберді Мүлкемановтың қатысуымен тікелей эфирде сұхбат өтті.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес пандемияның экономикаға теріс ықпалын төмендету үшін қалада дағдарысқа қарсы іс-шара жоспары бекітілді. Аталған жоспарды іске асыру арқылы осы жылы бірқатар көрсеткіштің өсіміне қол жеткіздік. Атап айтқанда, Шымкент қаласы республиканың басқа өңірлерімен салыстырғанда тартылған инвестициялар, құрылыс жұмыстарының динамикасы және жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің өсімі бойынша екінші орынға шықты, – деді Рахымберді Жанысбекұлы.

Спикердің сөзінше, осы жылға арналған бюджеттің 47 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған. Бұл бойынша алдағы 5 жылда 47 мектептің құрылысы, оған қоса 1000 орындық көп салалы аурухана, 10 медициналық мекеме және 12 дәрігерлік амбулатория салу жоспарланған. Сонымен қатар, биыл 5 арендалық және 77 кредиттік тұрғын үйді пайдалануға беру көзделуде.

Айта кетейік, халықтың бюджет қаражатын бөлу процесіне ашықтығын, жергілікті билік органдарына деген сенімін арттыруға бағытталған «Халық қатысатын бюджет» жобасын іске асыру үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы