ШЫМКЕНТТЕ ШЫҒАРЫЛҒАН ӨКПЕНІ ЖАСАНДЫ ЖЕЛДЕТУ ҚҰРЫЛҒЫЛАРЫ АУРУХАНАЛАРҒА ТОЛЫҚ ОРНАТЫЛДЫ

Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Бақытжан Позилов мәлімдеді.

– Жалпы, қаладағы медициналық ұйымдарда 612 өкпені жасанды желдету құрылғысы (ИВЛ) жұмыс істейді. Атап айтқанда, қалада жыл басында 310 аппарат болса, бүгінге дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен 156, демеушілік арқылы 20 аппарат жеткізілді. Ал 126-сы жергілікті бюджеттен сатып алынуда. Сонымен қатар, екінші қарашадан бастап «Қазмедприбор» ЖШС-і 88 өкпені жасанды желдету құрылғысын шығарды. Бүгінде ол аппараттар түгелдей қала ауруханаларына орнатылды, – деді Бақытжан Жолдасбекұлы.

Спикердің сөзінше, Шымкент қаласында маусымдық тұмауға қарсы 128 963 доза вакцина сатып алынған. Нәтижесінде, 128 963 адам толықтай екпе қабылдап, вакцинациялау 100 пайыз орындалған.

Айта кетейік, осы жылдың 24 наурызынан 12 қарашасына дейін COVID-19 ауруының 5 278 жағдайы (2682 симптоматикалық, 2596 симптомсыз) тіркелген. Оның ішінде 5 152 науқас емделіп шыққан.

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы