ШЫМКЕНТТІК 50 АЗАМАТ ӘСКЕРИ БОРЫШЫН ӨТЕУГЕ АЛМАТЫҒА АТТАНДЫ

Күзгі әскерге шақыру іс-шаралары аясында және Қарулы Күштердің әскери бөлімдерін жас сарбаздармен толықтыру үшін Шымкент қаласынан 50 өрен Алматы қаласындағы Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бөліміне аттанды.

ҚР Қорғаныс министрлігі Шымкент гарнизоны баспасөз қызметінің хабарлауынша, олардың көпшілігі аймақтың патриоттық клубтарында бастапқы дайындықты игерген. Десанттық-шабуылдау әскерлеріне кіру оңай емес. Жергілікті әскери басқару органдары өкілдерінің ақпараты бойынша бір орынға бірнеше үміткер болып отыр.

«Бұл әскерге шақырушылар біздің армиямыздың ең жақсы бөлімшелерінің біріне қызмет етуге барады, іріктеуден өтіп, ертеңнен бастап десантшылар қатарын толықтырады», – деп атап өтті Алматы қаласынан арнайы келген десант-шабуыл бригадасы командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Елдос Бозғұлов.

Болашақ десантшыларды жіберу Шымкент қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің қалалық жинау пунктінде өтті. Медициналық комиссиядан өтіп, әскери киім алған 50 болашақ жауынгер жақын арада әскери бөлімге қызмет өткеру үшін кетеді.

Әлемдік пандемияға байланысты жаңа талаптарға сәйкес, Отан алдындағы борышын өтеушілерді әскери бөлімдерге жіберер алдында міндетті түрде ПТР тестілеу әдісімен COVID-19-ға зертханалық зерттеу жүргізіледі. Сонымен қатар, оларға әскери бөлімге барар жолда бактерияларға қарсы залалсыздандырғыш гельдер, медициналық қолғаптар және бетперделер беріледі.

«Біздің өңірде әскерге шақыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жасақтау жоспарына сәйкес, 19 қазаннан бастап командаларды Қарулы Күштердің әскери бөлімдеріне жіберудеміз. Әскер қатарына шақырылушылар түрлі әскери мамандықтарды игеріп, білім алады. Жастар әскери борышын абыроймен атқарып, өңіріміздің намысына кір келтірмейді деген сенімдемін», — дейді Шымкент қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, полковник Әжімұхан Шынтаев.

Айта кетейік, биыл әскери қызметке Шымкенттен 18-27 жас аралығындағы 1500-ге жуық ер азамат жіберу жоспарланып отыр.

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы