ШЫМКЕНТ: АДЫРБЕКОВ КӨШЕСІНДЕ ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ

Шымкент қаласындағы Адырбеков көшесінің бір бөлігі — 800 метріне жол жөндеу жұмыстары аяқталып, қолданысқа берілді. Бұл туралы Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов хабарлады.

Жалпы ұзындығы 3,6 шақырым көшенің жаңартылуына мемлекеттік бюджеттен 1 миллиард 600 миллион теңге бөлінген. Сондай-ақ, аталған қаражатқа жаяу жүргіншілер жолы, жол жиектемесі мен жарық қондырғылары қарастырылған.

Адырбеков көшесіндегі жол жөндеу жұмыстары 2 жыл бұрын басталған болатын. Ал мердігер компаниялар арасындағы кедергілерге байланысты нақты жұмыстар жуырда ғана басталды. Сәйкесінше, Рысқұлов пен Жандосов көшелерінің аралығындағы 800 метрге 2 қабатты асфальт төселіп, пайдалануға берілді. Алдағы уақытта жол жөндеу жұмыстарының талабына сай 3-қабаты салынады.

Мамандардың айтуынша, көшенің қалған жөндеу жұмыстары ұзаққа созылмайды. Сондықтан тұрғындарға алаңдауға негіз жоқ.

Айта кетейік, қазіргі таңда аталған көшеде жол құрылысын жүргізіп жатқан «Базис-К» ЖШС компаниясы жұмысты 2022 жылы толық аяқтамақ.

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы