ШЫМКЕНТТЕ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДА СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША ЖИЫН ӨТТІ

Шымкентке арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің өкілі Ғ.Асанұлы және республикалық ақпараттық-ағартушылық штабының басшысы Ы.Тұрсынзада қаладағы мектеп, колледж директорлары мен балабақша меңгерушілерімен кездесті.

Агенттіктің Парасаттылық департаментінің директоры Ғанижан Асанұлы білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында қолға алынған «Адал ұрпақ», «Саналы ұрпақ» жобаларына тоқталып, осындай маңызды салада жемқорлыққа жол жоқ екендігін хабарлады.

Білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендетуді мақсат еткен жиында Ырза Тұрсынзада жемқорлықсыз қоғам құру үшін өскелең ұрпақтың тәрбиесіне назар аудару қажеттігін жеткізді. Ал бұл ретте ата-аналармен қатар, ұстаздардың алатын орны ерекше екендігі айтылды.

Сонымен қатар, қатысушыларды Штаб тарапынанатқарылған  жұмыстар  мен әрбір ұжыммен кездесудің маңыздылығына тоқталды.

Өз кезегінде, қалалық білім басқармасының басшысы Ж.Тажиева педагогтар мен білім беру ұйымдарының қызметкерлерін жұмысқа қабылдау бойынша «HR-Process» цифрлық жүйесі іске қосылғандығын хабарлап, педагогикалық құрамды іріктеуді автоматтандырудың мақсаты – үміткерді таңдауда меритократия, жариялық және айқындық қағидаларын сақтау екендігін мәлім етті.

Осы уақыт ішінде 511 жарияланған конкурсқа 692 үміткер қатысып, 349 мұғалім таңдап алдынған. Олардың 133-і қызыл дипломмен бітіріп, 17 мұғалім шетелдерде білім алған. Келер жылы педагогтардың біліктілік санаты осы портал арқылы аттестатцияланатын болады.

Жалпы, білім саласында қызмет түрі-38 (Оның ішінде мемлекеттік қызмет саны-34), цифрландырылғаны-21. Жыл соңына дейін білім саласындағы 13 қызмет цифрландырылса, қалған 4 қызмет 2021 жылға жоспарлаған.

Сонымен қатар, қалада «Адал ұрпақ», «Саналы ұрпақ» клубтары мен Парасаттылық мектептерінің жұмысын аталған жоба мүшелерімен баяндалып, жетістіктері мен жоспарлары жайында айтылды.

Жиын барысында қатысушыларға адам бойындағы асыл қасиеттер: адалдық, парасаттылық, әділдік және сенім құндылықтарын қоғам арасында кеңінен насихаттау маңыздылығы айтылып, аталған сала мамандарының жұмысына сәттілік тіледі.