Шымкент қаласында IKomek бірыңғай байланыс орталығы төрт ай ішінде шымкенттіктердің 20 мыңға жуық шағымына жауап берді. Маусым айынан бастап іске қосылған орталыққа 20 641 тұрғын түрлі арыз-шағымдарымен хабарласқан. Оның ішінде 19 846 өтініш орындалған. Қалған 795 шағым қаралу үстінде.
Бұл жөнінде қала әкімі Мұрат Әйтеновке қалалық ситуациялық орталықтың басшысы Азат Әміртаев баяндады.
Оның айтуынша, өтініштер рейтингісінде жолаушылар көлігі және транспорт саласы көш бастап тұр. Қоғамдық көліктер және жол мәселесімен 618 шағым тіркелген, ал коммуналдық шаруашылық бойынша 498 шағым қаралған. Одан кейінгі қатарда қала тұрғындарын жұмыспен қамту және әлеуметтік, тұрғын үй мәселелері толғандырған.
Шаһар басшысы халықпен кері байланыс орнату бойынша жасалған жұмыстарды тыңдап, мерзімі кешіктірілген шағымдар үшін жауапты сала басшыларына ескертулер жасады. Сондай-ақ, ай сайын есеп алынып, жеке бақылауында ұстайтынын айтты.
Еске сала өтейік, қала әкімдігінің жұмысына қатысты қандай да сұрақ, арыз-шағым бар болса 109 нөміріне қоңырау шалуға немесе WhatsApp мессенджері +7 7777 109 109 нөміріне хабарлама жіберуге болады.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі