Ұлы даламызда исламнан бұрын христиан, буддизм, шаманизм, зороастризм, мәнихейлік діндері таралды.
Қазақ халқы ислам дінінің құндылықтарын толық сезініп, оны өзінің діні ретінде жүрек қалауымен таңдады. Өйткені, ол ұлтымыздың жан дүниесімен, рухани құндылықтарымен, табиғи сенімдерімен барынша үйлесіп біте қайнасып жатты. Ғасырлар бойы санамызға сіңіп, бірегей мәдениетімізді құрады. Осылайша мемлекеттігімізді қалыптастырушы дәстүрлі дінімізге айналды.
Халқымыз дін қағидаларын, құндылықтарын өзінің мақал-мәтеліне, аңыз әңгімесіне, жыр дастанына, шешендік сөзіне, ертегісіне, даналық нақыл сөзіне енгізіп, рухани және имани құндылықтарына айналдырған.
Бұл жерде ұлттың ағартушы ұстаздары мен дін ғұламаларының еңбегі ерен. Олар елдің мұсылмандық танымын қалыптастырып, исламның негізгі қағидасын халықтың жүрегіне жақын, санасына қонымды тілмен жеткізе білген. Сол тұғырлы тұлғалардың ізденімпаздығының нәтижесінде халқымыз исламның рухын сезініп, жанымен қабылдады.
Қазақ халқының ел болып қалыптасуында басынан көптеген тауқыметті өткізгенін білеміз. Кешегі кеңестік идеология дін мәселесінде, оның ішінде діни танымға деген көзқарасы атеистік идеологияға негізделіп дінге тиым салынды.
1920-1940 жылдарда ислам дініне қарсы саясат жүргізілді. Соның салдарынан дін мәселесі, мәдениет, тіл және діл де орасан зор зардап шекті. Атеизмнің насихаты салдарынан қазақтын зиялы қауымын құрбан ету, мешіт-медреселердің жаппай жабылуы, имам-ишандарды қудалау кең етек алды. Дегенмен кеңестік саясат, қазақ қоғамын ұлт дүниетанымымен терең тамырласқан рухани құндылықтарынан алыстата алмады.
Тәуелсіздік жылдарында дәстүрлі дініміз ортамызға оралды. Десе де, сырттан келген діни жат ағым идеологиясы, едәуір сызат түсірді. Ата-баба дінін бұқара халыққа үркітіп, ұғымымызға шошытып жеткізді. Нәтижесінде, дәстүрлі діни танымы енді қалыптаса бастаған жастардың жат ағымдардың арбауына ілігіп, келер буын мен аға буынның арасында ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрге байланысты қарама-қайшылықтар пайда болды.
Осындай тұста ұлтымыздың бойындағы жоғалмаған рухани әлеуетті пайдалана білудің маңызын айтып шыр-пыр болып жүрген профессор Досай Кенжетай бұл жайында ой-пікірін былайша жеткізеді. Оның айтуынша «Кеңестік жүйе кезінде «ұлтсыздандыру идеологиясы» деген үлкен саяси жоба болған. Ал псевдосәләфизмнің ұстанымы одан да асып түскелі тұр. Себебі, мұнда екі мәселе қойылады: адамның болмысын жою және мінезін жою. Мінез – ұлттық ерекшеліктер болса, болмыс – сол ұлттық мәдениеттің барлық қабаттары. Соның барлығына қарсы тұратын «изм»-нің атын «псевдосәләфизм» деп атайды.
Енді бірі жат ағымдар десек, бірі батыс мәдениеті. Біреудің қаңсығын таңсық ретінде қабылдап, құнсыз құндылықтарды пір тұтып, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мәдениеттердің топтап келуі, одан қалды телеарналар мен әлеуметтік желілелерде үздіксіз таралуы, бүгінгі қазақты өзінің менінен айырмаса игі еді.
Мың жылдан астам ата-бабамыз ұстанған дәстүрлі дінімізді, ұлттық құндылығымызды, дінімізбен біртұтас болған мәдениетімізді барынша насихаттауымыз тиіс.
Сол арқылы сырттан келген дін атын жамылған саяси күштерге тосқауыл қоя аламыз. Бүгінгі қазақ мәдениетін, дінін, тілін, рухани құндылықтарымызды сақтайтын бірден бір құрал ол біздің қазақы мұсылмандығымыз екендігін ұмытпағанымыз абзал.
Ержас Тұрсынбаев