Ағымдағы жылдың 19 тамызында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Алтай Әбибуллаевпен кездесті.
Кездесуде Орталықтың қызметі, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің XIX Хатшылығын ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Сонымен бірге, тараптар діни сараптама жүргізу және дін саласындағы сұрақтарды зерттеу мәселелеріне де кеңінен тоқталды.
Алтай Әбибуллаев Орталық құрылғаннан бері бір жыл ішінде әлемнің түрлі елдерінен келген Съездің негізгі қатысушыларымен әріптестік қатынастар орнатылғанын атап өтіп, Орталықтың шетелдегі мүдделі ұйымдармен ынтымақтастық орнату жөніндегі алдағы жоспарлары туралы хабарлады.
Атап айтқанда, Орталық БҰҰ Өркениеттер Альянсымен келісімге, Мәдени дипломатия халықаралық институты (БАӘ), Исламабад халықаралық ислам университетінің Исламды зерттеу институты, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетімен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойған.
Естеріңізге сала кетейік, Н.Назарбаев орталығы 2019 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің мақсаттары мен міндеттерін, сондай-ақ бейбітшілік пен келісімнің бірегей қазақстандық моделін халықаралық аренада ілгерілету мақсатында құрылған болатын.