Қалаға қарасты аймақтардағы тұрғын үйлерге электр жарығын тарту мәселесінде кезінде бірқатар қиындықтар болғаны жасырын емес. Олай дейтініміз, шаһардың шеткері шағынаудандарындағы үйлер жарықты жекеменшік қуат қөздерінен алып келді. Оның жарықпен қамтамасыз етумен бірге төлем мәселесінде де тұрғындардың ренішін туғызған жағдайлары аз кездескен жоқ. Ал енді…
Бүгінгі таңда Қаратау ауданында 47 мыңнан астам тұрғын үй бар. Оның 80,8 пайызы мемлекеттік қуат көзіне қосылған. Ал, қалған 19,2 пайызы жекеменшік трансформатордан қуат алады. Қазір Қаратаудағы бірнеше шағынауданда электр желілерін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Нақтырақ айтар болсақ, Достық шағынауданындағы электр желілерінің құрылысына 2019 жылы бюджеттен 400 млн теңге қарастырылып, жұмысы басталған болатын. Биыл тағы 240,6 млн теңге бөлініп, электр бағаналары орнатылып жатыр. Жалпы жоба құны 848,1 млн теңгені құрайды. Мердігер «КазАльфаСтрой» компаниясы электр желісін келер жылдың қараша айында құрып бітіруі тиіс. Нәтижесінде, 47 шақырым желі және 13 дана КТП орнатылатын болады.
Мұнан өзге, Тұран шағынауданында электр жарығы құрылысына биылдың өзінде 256,3 млн теңге қарастырылып, «АБМ Билдинг» ЖШС-ы тарапынан жұмыстары басталды. Жалпы құны 2 млрдтан асатын жоба 2021 жылы қараша айында қолданысқа беріледі.
Ал, Асар-2 шағынауданындағы электр желілерінің құрылысына 2019 жылы бюджеттен 700 млн теңге бөлінген еді. Биыл аталған мақсатқа 474,8 млн теңге қаралып, құрылыс жұмыстары атқарылып жатыр. Құны 1 млрд-тан асатын қуат желісін «Ремстрой Алматы» компаниясы осы күзде салып бітуі қажет.
Мұнан бөлек, Қаратау ауданындағы Тассай, Азат, Қайтпас шағынаудандарында да электр бағаналарын орнату жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын айта кеткен жөн.
Ақпарат көзі Шымкент келбеті газеті