Еріктілер жылында басын бәйгеге тігіп, халыққа қолдан келген көмек қолын созып жүрген шымкенттік жоғары оқу орынының студенттері жеңілдікке ие болды.
Silkway Халықаралық университетінің басшылығы мемлекетіміздегі төтенше жағдай кезінде белсенділік танытқан және Мақтаарал, Төлеби аудандарындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмектескен шәкірттерін оқу жылының өтемақысанан толық босатты.
Аталған университеттің баспасөз хатшысы Рахат Арғынбайдың айтуынша, 40 ерікті мен отбасылық және әлеуметтік жағдайына, түрлі салада жеткен жетістіктері мен ҰБТ нәтижелерін ескере отырып, бес жүзге жуық студентке оқу ақысына түрлі жеңілдіктер берілген.
– Әлемді жайлаған пандемия қай мемлекетке, қай қалаға, қай аудан мен ауылға болса да басын сұқпай кетпеді. Ал аталмыш дерт елімізде өршіп тұрған кезде ел тұрғындарының азаматтығы сынға түсері сөзсіз. Осы орайда еріктілер еңбегі орасан зор маңызға ие. Себебі олар көмек қолын созу арқылы азаматтығын таныта білді. Бұл ретте еріктілердің еңбегін лайықты бағалау-еріктілікті қолдауды іспен дәлелдеудің бірден бір жолы оларға қолайлы жағдай жасау деп білеміз, — дейді университет өкілі.
Ақпарат көзі Шымкент келбеті газеті