2200 ТҮП ШЫНАР АҒАШЫ ОТЫРҒЫЗЫЛУДА

Шымкент қаласында Асанбай Асқаров атындағы дендрологиялық саябақта «Болашаққа тыныс» акциясы шеңберінде шынар ағашының көшеттері отырғызылады. Түркияның «Ұлттық ағаш отырғызу күніне» орай ұйымдастырылған акцияға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов және Түркияның Алматыдағы Бас консулы Али Риза Акынжы, Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің Қазақстандағы өкілі Ислам Исмаил арнайы қатысты.

Қала әкімі Шымкентте жылына миллионға жуық ағаш көшеттері егілетінін және бауырлас елдегі атаулы күн біздің елде көрініс тапқанын қуанышпен жеткізді. Түрік кәсіпкерлерін қаладағы ірі жобаларға белсенді қатысуға шақырды. Бүгінгі отырғызған ағаштар екі елдің барлық саласындағы ынтымағының нышанына айналсын,  – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Али Риза Акынжы осы іс-шараның Шымкент қаласында ұйымдастырылғанына алғысын білдіріп, екі ел арасындағы ынтымақтастық одан әрі қарай өркендей беруіне тілектестігін жеткізді. Айтып өтейік, осы акция аясында Шымкент қаласының 2200 жылдығына орай 2200 түп ағаш көшеті отырғызылмақ.

Перизат Ортай