173 үміткер ПРАЙМЕРИЗГЕ ҚАТЫСУДА

Шымкентте «NurOtan» партиясы праймеризінің қатысушылары арасында ашық пікірсайыстар басталды. Бүгінгі таңда праймеризге қала бойынша 173 азамат қатысуда. Соның алғашқысы «NurOtan» партиясының Шымкент қаласы бойынша төрағасы, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен Абай ауданынан сайлауға түсіп жатқан кандидаттар арасында өтті.

Пікірсайыстың алғашқы кезеңінде қатысушылар алдымен өздерінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Үміткердің бірі – Шыңғыс Қозбақов қалаға Түркістан облысынан қосылған елдімекендердің коммуналдық мәселесін түбегейлі шешуге, осы салаға бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылауға алуға уәде берді. Үміткер Жанель
Жұмалинова сайлаудан өткен жағдайда барлық оңалту бағдарламаларына қатысты қызмет түрлерін цифрландыруға, баспана алудағы алғашқы жарнаны алып тастауға, баспана нарығынан ескі үйлерді сатып алу мүмкіндігін кеңейтуге, инклюзивті сыныптар мен секциялар ашып, ата-аналардың да педагог ретінде бала тәрбиесіне қатысуға, бұқаралық спортты дамытып, әйелдердің кәсіпкерлігін қолға алуға күш салатынын жеткізді.
Сонымен қатар пікірсайысқа қатысушы Анжила Ирисметова да бір өзі отбасының жүгін арқалап жүрген жалғыз басты әйелдердің мәселесін оңтайлы шешуге күш-жігерін аямауға сөз берді.

342cf2e2-728b-41c8-b941-32b5e7a89521

Ал келесі үміткер Ауған соғысының ардагері Ғалымжан Майханов депутаттық мінберден көптеген әлеуметтік проблемаларды көтеретінін айтып, өскелең ұрпақты әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу мәселесіне көңіл бөлетінін баяндады.
– Партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл бастамасы – адалдық пен ашықтықтың керемет үлгісін көрсетіп отыр. Осы қадамы арқылы партия өзінің ашықтықты қолдайтынын және халықпен бірге екенін көрсетті. Ашық диалог кезінде назарға алып, қолданысқа енгізуге болатын ұтымды ұсыныстар да айтылып жатыр. Саяси додаға қатысып жатқан барша әріптестерге сәттілік тілеймін, — деді филиал төрағасы.
Пікірсайыстың сұрақ-жауап бөлімінде үміткерлер бір-біріне өздерінің таныстырған бағдарламалары бойынша сауалдар қойып, тиісті жауаптар алды.
Айта кетейік, 7 — 14 қыркүйек аралығында партияішілік іріктеудің екінші, яғни, үгіт-насихат кезеңі өтті. Екінші кезеңде Шымкентте партия мүшелерімен 570 кездесу ұйымдастырылды. Оның 239-ы онлайн-форматта өтті. Кездесулерге партияның 21 мыңнан астам мүшесі қатысты. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде насихат жұмыстары белсенді түрде жүргізілген.
Ал, 14 қыркүйектен бастап ашық пікірсайыстар өтуде. Бұл кезең 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жарыссөздер кестесі мен өтетін орны Primaries веб-сайтында және партия филиалының ресми аккаунттарында жарияланады.

Ақпарат көзі Шымкент келбеті газеті