ҚАЛА ӘКІМІ ІРІ ТЕМІР-БЕТОН БҰЙЫМДАРЫН ӨНДІРЕТІН КӘСІПОРЫННЫҢ ЖАҒДАЙЫМЕН ТАНЫСТЫ

«DALA-CONSTRUCTION.KZ» ЖШС – қаладағы ірі темір-бетон бұйымдарын өндіретін кәсіпорын. 2002 жылы құрылған зауыт бүгінде 210 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, жұмыс барысын аралап көрді.

Кәсіпорын жылына 240 мың шаршы метр темір-бетон бұйымдарының жабын плитасын, 85 мың шаршы метр құрама-каркасты үйдің темір-бетон бұйымдарын, 32 мың шаршы метр өндірістік ғимараттар дайындауға қауқарлы.

Сондай-ақ, 4,5 мың дана су шаруашылығы құрылысына арналған темір-бетон науалары, 4,8 мың дана темір-бетон электр желілерінің бағандары, 6 мың дана металл есіктер шығарады.

Зауыттың жалпы жер учаскесінің аумағы – 20 га. Кәсіпорын басшысының айтуынша, дайын өнімдер 100% ішкі нарыққа жөнелтілуде. Сондай-ақ, заманауи құралдармен жабдықталған кәсіпорын арнайы және қосалқы 100-ден астам техникамен қамтылған.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі