ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ДІНИ ҚЫЗМЕТ

1. Дiни бiрлестiктер құлшылық ету орындарын ұстауға құқылы.

2. Құдайға құлшылық ету, діни жоралар, рәсімдер және (немесе) жиналыстар ғибадат үйлерінде (ғимараттарында) және оларға бөлінген аумақта, құлшылық ету орындарында, діни бірлестіктер мекемелері мен үй-жайларында, зираттар мен крематорийлерде, жақын жерде тұратын адамдардың құқықтары мен мүдделері сақталған жағдайда тұрғын жайларда, қажет болған кезде қоғамдық тамақтандыру объектілерінде бөгетсіз жүргізіледі (жасалады). Өзге жағдайларда діни іс-шаралар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртіппен жүзеге асырылады.

3. Құдайға құлшылық етуді, діни жораларды, рәсімдерді және (немесе) жиналыстарды өткізуге (жасауға), сондай-ақ миссионерлік қызметті жүзеге асыруға:

1) осы баптың 2 және 4-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың;

2) Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, сот және құқық қорғау органдарының, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен, жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығын қорғаумен байланысты басқа да қызметтердің;

3) діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру ұйымдарының аумағында және ғимараттарында жол берілмейді.

4. Қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнайы мекемелерде ұсталатын, жазаны орындайтын мекемелерде отырған, қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлерде әлеуметтiк қызмет көрсетуден өтетін, стационарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының емделушілері болып табылатын адамдарға олардың немесе олардың туысқандарының тілегі бойынша салт жораларының қажеттілігі жағдайында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген діни бірлестіктердің діни қызметшілері шақырылады.

Бұл ретте діни жораларды, рәсімдерді және (немесе) жиналыстарды өткізу аталған ұйымдардың қызметіне кедергі келтірмеуге, басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбауға тиіс.