«Қазақстан жастары – 2020» жыл сайынғы Ұлттық баяндамасы аясында салауатты өмір салты, денсаулық сақтау, көші-қон мәселелері, NEET санатындағы жастардың әлеуметтік ұстанымдары, суицид мәселесі және оның профилактикасы қаралады.
Бұл туралы баяндаманың мазмұнды бөлігін алдын ала сараптамалық талқылаудың онлайн-отырысы барысында «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Аян Сакошев мәлімдеді.
Бұл ғылыми еңбек жастар саясаты саласындағы іргелі және жүйелі зерттеулердің бірі болып табылады.
Жеті жыл бойы белгілі отандық ғалымдар мен сарапшылар жас қазақстандықтардың өмір сүру ортасындағы әлеуметтік жағдайы мен көңіл-күйін талдады: оқу, жұмыс, денсаулықты сақтау, салауатты өмір салты, отбасын құру және азаматтық құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру. Биылғы жылы Ұлттық баяндамамен жұмысқа беделді сарапшылар, сондай-ақ жастар ұйымдарының көшбасшылары қосылды.
Сарапшылар Ұлттық баяндаманың мазмұны адами капиталды қалыптастыруға бағытталғанын және барлық салаларда талап етілетін негізгі аспектілерді қамтитынын атап өтіп, мазмұндық бөлімі бойынша ұсыныстар берді. Өткен жылдардағы жастар ортасындағы зерттеулердің жүзеге асырылу барысын талдауға көбірек көңіл бөлінеді.
Биыл Қазақстан жастарын зерттеу бойынша сегізінші Ұлттық баяндама шығарылады. Осы уақыт ішінде жақсы мониторингтік база қалыптасты. Бұл жұмыс 2013 жылдан бастап даму динамикасын көрсетеді.
Кеңес барысында «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев бүгінгі таңда жастарды қолдау мен дамыту өте маңызды міндет екенін атап өтті.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асыратын негізгі бағыттары жас ұрпақпен тығыз байланысты. Бұл, ең алдымен, бәсекеге қабілеттілікке, прагматизмге және сананың ашықтығына қатысты. Сондықтан біз жастарға үлкен назар аударуымыз керек», – деді Кемелбек Ойшыбаев.
Баяндаманың шығуы 2020 жылдың соңына жоспарлануда. 2013-2019 жылдарының Ұлттық баяндамаларымен «Жастар» ҒЗО сайтында танысуға болады.
Іс-шараға мемлекеттік органдарының, ғылыми-сараптамалық ұйымдарының, жастар ұйымдарының және ресурстық орталықтардың өкілдері қатысты.