А.ж. 29 қазанда мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар өкілдерінің, сондай-ақ Ресей, АҚШ, Израиль, Украина және Өзбекстан сарапшыларының қатысуымен Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсті дамыту және ілгерілету бойынша халықаралық онлайн-форум өтті.
Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесін нығайту мақсатында мемлекеттің, азаматтық қоғам мен бизнестің күш-жігерін біріктіру маңыздылығы айтылды.
ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңға квазимемлекеттік сектор ұйымдарында корпоративтік парасаттылық стандарттарын сақтауға жауапты сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер институты енгізілді.
Іс-шара барысында халықаралық сарапшылар қатысушыларға комплаенсті ілгерілетудің және жеке сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейтудің өзекті мәселелері бойынша өздерінің көзқарастарын жеткізді.
KPMG компаниясының өкілі, Ресей мен ТМД-дағы KPMG форензик бөлімінің серіктесі Александр Тарасенконың пікірінше жаңашыл идеядан бизнесті жүргізу нормасына көшу үшін комплаенсті алға жылжытуда қолданбалы шешімдерді қолдану қажет. Бұл комплаенс қызметтерінің қызметін цифрландыру болып табылады.
Өз кезегінде, «Kaz Bar» заң консультанттары палатасының төрағасы Жұмагелді Елубаев комплаенс қызметтерінің кәсіби этика мен бизнестің іскерлік парасаттылығын қамтамасыз ету секілді бірінші кезектегі міндеттеріне назар аударды.
Комплаенс функцияларын цифрландыру, атап айтқанда Compliance Platform 365//360 платформасында комплаенс жүйесін құру және ұйымның контрагенттері мен қызметкерлерінің тәуекелдеріне мониторингті автоматтандыру тақырыбы форумға қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Іс-шараның нәтижесінде халықаралық сарапшылармен озық тәжірибе алмасу және комплаенсті одан әрі жетілдіру бойынша заңнамалық бастамалар әзірлеу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.