4 маусымда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алаңында Төраға Алик Шпекбаев кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновпен кездесті.
Тараптар мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою, бизнес-жобалар мен инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолдау, квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтерді дамыту мәселелерін талқылады.
Агенттік басшысы әңгімелесушіні ведомствоның жүргізіп отырған жұмысының негізгі нәтижелерімен таныстырды. Атап айтқанда, ол «Атамекен» ҰКП-мен бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануды анықтау бойынша өзара іс-қимылдың оң тәжірибесін атап өтті. «Бірыңғай сатып алу терезесі» ақпараттық-талдау порталы арқылы 5 ай ішіндегі мониторинг нәтижесі 2,8 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді.
Өз тарапынан бизнес-омбудсмен «Protecting Business and Investments» бірлескен бастамасы шеңберінде кәсіпкерлерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Қазіргі уақытта заңсыз араласу мен әкімшілік кедергілерден адал бизнесті жүргізу міндеттемесін қабылдаған 452 бизнес-жоба (инвестиция көлемі 12 трлн теңгеден астам) қорғалған.
Тараптар квазимемлекеттік секторда интегрити-қағидаттарды одан әрі ілгерілету мәселелеріне ерекше назар аударды. Бұл ретте компаниялар мен ұйымдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған комплаенс-қызметтер маңызды рөл атқарады. Оларды енгізу заңнамалық деңгейде көзделеді.
Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар квазимемлекеттік сектордағы интегрити-стандарттар мен комплаенс-қызметтерге әдістемелік қолдауды ілгерілету және болашақта оны жеке секторға кеңейту бойынша жұмыс тобын құруға келісті.