Шымкент қаласының тұрғындары мен жамағаты дін саласына қатысты көкейлерінде жүрген сұрақтарына дұрыс әрі нақты жауап алуы үшін Шымкент орталық мешітінің «Call center» орталығына жүгіне алады.
Онда білікті һәм тәжірибелі 15 имам бекітіліп, күн сайын таңғы 09:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс жасап келеді.
Айына 2-3 мыңға жуық қала тұрғындарынан қоңыраулар келіп түсіп жатады. Ең негізгі мақсатымыз – осындай сәттерді пайдаланып, өзге теріс пиғылды секталар мен ағымдардың жетегінде жастарымыз кетіп қалмауын қамтамасыз ету. Сол үшін осы шаралар дер кезінде қолға алынды.
Тағы бір жаңалығымыз – Шымкент орталық мешіті жанынан «Оңалту» орталығы ашылды.
Мұның негізгі мақсаты да – түрлі кереғар ағым жетегінде адасып жүрген қала азаматтарына түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Бүгінгі таңда карантин талаптарына сәйкес ол азаматтармен онлайн түріндегі жұмыстар қолға алынып отыр.
Өткен жылы «Жусан» операциясы арқылы елімізге Сирия елінен босқын болып жүрген қандастарымыз жеткізілді. Бүгінде солардың біразы Шымкент қаласында тұрады. Олармен де тығыс байланыс жасап, мешіт имамдарымен қатар Шымкент орталық мешіт жанында құралған «Әйел-қыздар секторы» бөліміндегі дінтанушы ұстаздарымыз байланыс түзіп, асыл дініміздің, салт-дәстүрлеріміздің озық тұстарын жан-жақты түсіндіруде. Олардың әлеуметтік тұрмыстық жағдайларын ескеріп, мешіт тарапынан тұрақты қайырымдылық негізде көмек көрсетілуде. Осы бағыттағы жұмыстар тұрақты жүргізілуде – деп аяқтады Шымкент қаласы бас имамының орынбасары, дінтанушы-теолог Мұхамеджан Естеміров.
Әсет Әссанди,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Ақпарат көзі: haqjoly.kz