ШЫМКЕНТ: ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНДА ЕКІ КӨПІРДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛДЫ

Шымкент қаласының Еңбекші ауданы аумағында жол жөндеу, аяқжолдар және көпір құрылыс жұмыстары жүргізілуде.  

Ауданда ұзындығы 613,2 шақырымды құрайтын 611 даңғыл, көшелер мен өткелдер орналасқан. Аудан бойынша жол жөндеу жұмыстарын қажет ететін шағынаудандар мен тұрғын алаптар зерделенген. Бүгінде 62 көшеде орташа жөндеу (61,6 шақырым), 16 көшеде аяқ жол салу (23,5 шақырым), 8,9 шақырымға шағал тас төсеуге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары атқарылуда.  

Аудан әкімінің мәлімдеуінше, негізінен шалғай аумақтардың көшелерін асфальттауға басымдық берілуде. Жыл соңында асфальт жол 407,5 шақырым (66,5%), шағал тас жол 182,8 шақырым (29,8%), топырақ жол 22,9 шақырымды (3,7%) құрайды.  

Онымен қоса, Еңбекші ауданында биыл бірқатар көпірдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Бүгінде Ленгер тас жолындағы «Сайрам су» өзенінің үстінен өтетін көпірдің және Қарабастау тұрғын алабындағы «Бадам» өзенінің үстінен өтетін көпірге қайта құру жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Ал Маятас, Тоғыс тұрғын алаптарындағы «Бадам» өзенінің үстінен өтетін және Елтай тұрғын алабындағы көпірдің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады.  

Сондай-ақ, бұл жылы Ленгер тас жолы бойындағы жарықшамдар жөндеуден өтті. Жалпы 12,1 шақырым болатын 14 көшеде жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 2021 жылға бірінші кезекте жарықтандыру жұмыстарын жүргізуді қажет ететін 28 көшенің тізімі бекітілген.  

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі