ШЫМКЕНТ: АБАЙ АУДАНЫНА 150 ДАНА ЖАҢА КОНТЕЙНЕР ОРНАТЫЛДЫ

Шымкент қаласының Абай ауданында күзгі санитарлық тазалық және көріктендіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Әр апта сайын  сенбіліктер тұрақты түрде ұйымдастырылуда. 

Ауданда 453 көпқабатты тұрғын үйдің 258 ауласын және 727 көшенің санитарлық және ирригациялық жүйелерін қоқыстан тазарту «Ақсемсер-Стройсервис» мекемесіне жүктелген.  

Аудан әкімдігінің мәліметінше, тұрмыстық қалдықтар тасталатын 112 контейнер алаңшасында 485 контейнер қойылған. 150 дана жаңа контейнер сатып алынып, орнату жұмыстары толығымен орындалды. Бүгінде тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарумен «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-і айналысуда.  

Тұрғындарды тазалыққа шақыру мақсатында көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына коммуналдық мекемелердің тізімі көрсетілген арнайы ақпараттық тақтайшалар ілінді.  

Сонымен қатар, Ақжар тұрғын алабында 3, Алтынтөбе тұрғын алабында 7 жерге арнайы қоқыс алаңшасын орнату үшін жер телімі бөлінген. Бүгінде аталған орындарға 10 қоқыс алаңшасы мен 20 қоқыс контейнері орнатылды.   

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі