Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің бастамасымен, қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Birgemiz: Taza Alem жалпыұлттық жобасы аясында EcoSana сенбілік акциясының 6-шы қорытынды кезеңі өтті.
Тазалық шарасы Еңбекші ауданы, Маятас шағынауданы, «Бадам» су қоймасы аумағында ұйымдастырылды. Сенбілік барысында сөз алған Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан аталған акция жастардың экологиялық білімін арттырып, тұрғындардың қоршаған ортаға деген мәдениеттілігін қалыптастыруға елеулі үлес қосқанын атап өтті.
Екі айға жуық жалғасқан сенбілік акциясына, қала белсенділері, волонтерлік ұйымдар, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі, Ақпараттық коммуникация орталығы, Қоғамдық келісім, Жастар орталығы қызметкерлері мен жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан құралған 17 команда жасақталып, 200-ге жуық белсенді жас қатысты.
Сондай-ақ, сенбілік акциясы Абай, Еңбекші, Әл-Фараби, Қаратау аудандарына қарасты аумақтарды қамтыды. Тазалық жұмыстары Еңбекші ауданына қарасты Маятас шағынауданы, «Бадам» су қоймасы аумағында қорытындыланды. Аталған аумақ күл-қоқыстар мен басқа да тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, әлеуметтік нысандардың айналасы ретке келтірілді.
Сенбілік қорытындысы бойынша «Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық қоғамдық қорының өкілдері 4776.2 кг қоқысты жинап, бірінші орыннан көрінді. Ал «Жас Отан» жастар қанаты 3241 кг көрсеткішімен екінші орынды, «Лига волонтеров» клубы 2429,6 кг көрсеткішімен үшінші орынды еншіледі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетейік, EcoSana сенбілік акциясының соңына дейін қала аумағында жалпы 27 мың кг қоқыс жиналды.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы