Шымкент қаласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу мәселесі қаралды. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда енгізілген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы қала әкімі М.Әйтеновке денсаулық сақтау басқармасының орынбасары А.Бекбауова баяндады.
Қазіргі уақытта Шымкент қаласындағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне бекітілген халықтың саны 900 мыңнан асады. Яғни, жалпы тұрғындардың 87 пайызы сақтандырылған.
Бұдан бөлек, Айгүл Жақыпқызы мемлекеттік медициналық ұйымдарды компьютерлік техникамен қамтамасыз ету -75 пайызды құрағанын айтып, бүгінде «Инновациялық зияткерлік технологиялар академиясы» ЖШС мемлекеттік-жеке меншік серіктестік шеңберінде 1901 компьютер мен 674 принтер техникасын жеткізіп жатқанын мәлім етті.
Медициналық сақтандыру жүйесін енгізу бойынша жұмыстарды жандандыруды айтқан қала әкімі медициналық сақтандыру – халықтың денсаулығын қорғау жүйесі болып табылатындығы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар денсаулық сақтау саласын автоматтандыру мен жарақтандыру және цифрландыру бағытындағы жұмыстарды ширатуды жүктеді.
Жиынды қорытындылаған Мұрат Дүйсенбекұлы жыл соңына дейін денсаулық сақтау саласын дамытудағы нысаналы индикаторларға қол жеткізуді міндеттеді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі