Ханафилерді неге Матуридилер деп атайды?

«Әбу Ханифа фиқһпен қатар, ақида саласында да имам. Ал олай болса ханафилер неге Әбу Ханифаның көзқарастарын емес, матуридилікті ұстанады?» деген мәселеге қысқаша тоқтала кетейік. 

Әбу Ханифаның кезеңінде ақида өзі дербес ғылым саласы ретінде әлі қалыптаспаған болатын. Ол кезде фиқһтың ішіне ақидамен қатар ахлаққа қатысты мәселелер де кіретін. Ал дәстүрлі сунниттік ақида ілімін жүйелеп-дамытқан имам Әшғари мен имам Матуриди. 

Негізінен «Фиқһ» (шариғат) пен «Ақида» екі бөлек пәндер. «Фиқһ» мұсылманның Алла Тағалаға жасайтын құлшылықтары туралы қағидаларды, ал «Ақида» иман негіздеріне қатысты мәселелерді қарастырады. 

Міне, сондықтан, ақида саласында матуридилікті ұстанамыз. Матуридиліктің өзі Әбу Ханифаның көзқарастарының негізінде қалыптасқандықтан мәзһабы ханафилік деп аталып кеткен. Яғни оның жолы ханафиліктен бөлек емес, қайта оның жалғасы. Бірақ жоғарыда да атап өткеніміздей, имам Матуриди – заман талабына қарай исламды бұра тартпақ болған ағымдардың жаңсақ пікірлерінің мұсылмандар арасында таралуын тізгіндеу мақсатында, дәстүрлі сунниттік көзқарастың шеңберінен шықпай қажырлы еңбек етіп, жүздеген шәкірт тәрбиелеп, Орта Азияда ханафиліктің дамуына үлкен үлес қосқан ғұлама. 

Имам Ағзамның шығармаларында Алла Тағаланың сипаттары, иман ақиқаттары, Алла Тағаланы ақылмен немесе нақылмен (аят және хадистер) тану керектігі, жақсылық пен жамандықтың жаратылуы, тағдыр және өзге де сенім мәселелері қарастырылған. Сол дәуірдегі Ирак шариғат ғалымдарының көшбасшысы болған имам Ағзамның бұл шығармалардағы көзқарастарын имам Матуридидің сенімдік тұрғыдағы көзқарастарымен салыстырып көрер болсақ, бірізділік пен біртектілікті аңғару қиын емес. Осы себептен де, зерттеушілер екі ғұламаны бір-бірінен ажыратып жатпайды. 

Ханафи мазһабының үлкен ғалымдарының бірі Захид әл-Кәусари «Ишаратул-Мәрам» атты төлтумасының кіріспесінде былай дейді: «Мауараннаһр өлкесі бидғат пен бұзықтықтан ұзақ, тыныш ел еді. Сүннетті берік ұстанып, оның үкімдерін ұрпақтан ұрпаққа мұра етіп қалдырып отырған. Ендігігі жерде имам, ғалым Әбу Мансур әл-Матуриди шығып, әрбір мәселеге жеке-жеке тоқталып, олардың ара-жігін ажыратып, айқын дәлелдермен шегелеп, нақтылау жұмыстарын жүргізді. 

Матуридидің шығармаларына қарап кәлам, фиқһ методологиясы және тәпсір саласы бойынша қалам тербеген беделді ғалым екенін байқауға болады. Ақида саласындағы ұстаздарының тізбегі Имам Ағзам Әбу Ханифаға барып тіреледі. Имам Матуриди имам Ағзамның кітаптарын ұстаздары Әбу Насыр Ахмад ибн Аббас әл-Бәйади, Ахмад ибн Исқақ әл-Жүрджани және Насыр ибн Йахия әл-Балхилердің көмегімен үйренгендігі, ал олардың Әбу Сүлеймен Мұса әл-Жүрджаниден дәріс алғандығы, әл-Жүрджани болса, бұл ілімді ұстазы Мұхаммед ибн Хасан әш-Шәйбаниден алғандығы тарихи шығармаларда айтылған. Ол Әбу Ханифаның ақидаға байланысты шығармаларын оқып, өз көзқарасын оның пайымдаулары шеңберінде негіздеген. Осыған орай, Матуридиге Әбу Ханифаның ізбасары деп баға беріліп, мәзһабы ханафи деп аталады. 

Алау ӘДІЛБАЕВ,

Теология ғылымдарының PhD докторы