Дәстүрлі емес діни ұйымдар, ең әуелі өздерінің үгіт жұмыстарын діннен хабары жоқ, діни түсінігі төмен азаматтардан бастайтыны сөзсіз. Осы кезде бірінші кезекте жаңа өмірге енді аяқ басқан жастар кіреді. Жастардың дәстүрлі емес діни ағымдардың шырмауында кетуінің бірнеше себептерін атап көрсетуге болады. Біріншіден, сауаттылық мәселесі. Яғни діни сауаттылықтың төмен дәрежеде болуы.
Екіншіден, әлеуметтік жағдай. Материалдық жағынан аз қамтылған отбасыларды, материалдық тұрғыдан қамтамасыз етеміз деп қызықтыру арқылы өздерінің қатарына қосып жатқандығын айтуға болады.
Дегенмен, жаңа заманның жетістігі ғаламтор да бір жағынан өз зиянын тигізіп отыр. Мәселен, теріс діни ағымдардың өкілдері өз алдарына ғаламтор сайттарын ашып алып, көп уақытын компьютер алдында өткізетін жастардың санасын улауға тырысып бағуда. Сайт арқылы олар конституциялық құрылымға қарсы шығу, қалыптасқан дәстүрлерді терістеу, ата-ананы тыңдамау деген секілді теріс түсініктерін тықпалап жатыр.
Жастарымызды теріс діни ағымдардан сақтаудың бірден-бір жолы ол – діни білімді арттырумен қатар, отбасы институтын жетілдіру болып табылады.
Бала дегеніміз – болашақ. Балаларымызды қалай тәрбиелесек болашағымыз солай болмақ. Келешегіміздің қожасы балаларымызды білімді де мәдениетті, тәрбиелі де әдепті, кішіпейіл де қарапайым етіп тәрбиелеу өз қолымызда. «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз».
Сондықтан, бұл олқылықтың алдын алу үшін, ең біріншіден әр ата-ана өзін, одан кейін баласын жастайынан жетілдіріп, дұрыс адами қасиеттерді бойына сіңдіре білу қажет. Яғни, перзентінің бойына бесіктен бастап ұлттық құндылықтарды сіңіруі тиіс.
Жастардың тілдегі шорқақтығы, дәстүрінен алшақтығы және отбасындағы тәрбиеде имандылықтың айтылмауы, мұның барлығы жат ағымға тез илануына өзіндік септігін тигізеді. Дәстүр – қуатты күш, кез келген ағымға төтеп беретін құндылық. Салтын сақтай білген қоғамға ешкім іріткі сала алмайды.
Сондықтан, бала кезден дұрыс тәлім-тәрбие ала білген жасөспірім, болашақта отансүйгіш, елжанды азамат болары сөзсіз.