ТЕРІС АҒЫМНЫҢ ЖЕТЕГІНЕ КЕТКЕНДЕРДІ ОҢАЛТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

«Террористік белсенділік аймағынан (Сирия және Ирак) оралған адамдарды оңалту және реинтеграциялау бойынша Орталық Азия диалогы» онлайн практикалық семинары өтті — деп хабарлайды дін істері комитеті.

Семинарда соғыс аймағынан қайтарылған әйелдер мен балаларды оңалту мәселелері талқыланды.

Министрлік қайтарылған азаматтарды дерадикализациялау және теологиялық-психологиялық оңалту жөніндегі міндеттерді шешу үшін «Ақниет орталығы»  ҚҚ және жергілікті атқарушы органдардың 59 маманы (42 теолог және 17 психолог) тартылғанын атап өтті. Нәтижесінде олардың басым көпшілігі радикалды идеологиядан бас тартты, ал белгілі бір бөлігі зайырлы өмір салтына көшті немесе дәстүрлі исламға сәйкес нормаларды сақтай бастады.

Естеріңізге сала кетейік, «Жусан» гуманитарлық операциясы біздің азаматтарымызды террористік белсенділік аймақтарынан қайтару бойынша 2019 жылы жүргізілген болатын. Операция қорытындысы бойынша барлығы 595 азамат елге оралды, олардың басым бөлігін әйелдер мен балалар құрайды.