Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аппараттық кеңесінде ағымдағы жылдың шілде-тамыз айларында жұртшылық пен сарапшыларды тарта отырып жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау қорытындылары бойынша ұсынымдарды орындаудың аралық нәтижелері туралы «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев баяндады.
Антикор талдау аясында жоспарлау жүйесінің жетілмегендігіне, адами фактордың сатып алу жүйесіне ықпалына, ұзақ мерзімді жеткізу шарттарын іске асыру кезіндегі тәуекелдерге, логистика жүйесіндегі кемшіліктерге, гуманитарлық көмек алу және бөлу тетігінің жетілмегендігіне, ішкі бақылау тетігіндегі олқылықтарға, кадр саясатындағы тәуекелдерге және жоғары әкімшілік шығындарға назар аударды.
Анықталған жемқорлық тәуекелдерін жою жөніндегі іс-шаралар жоспары азаматтық қоғамның 20-дан астам өкілінің, оның ішінде Рахым Ошақбаевтың, Әмір Сүлейменовтің, Саида Таукелованың қатысуымен іске асырылуда.
Сатып алуды жетілдіру бөлігіндегі негізгі басымдық олардың электрондық форматқа толық көшуіне, сондай-ақ тендерлік рәсімдерді автоматтандыруға бағытталған. Атап айтқанда, оларды өткізу мерзімін 45 күннен 25 күнге дейін азайту және әлеуетті жеткізушілер ұсынатын тендерлік құжаттаманың санын 15-тен 2-ге дейін қысқарту жоспарлануда.
Жеке бағыт – компанияның ақпараттық жүйелерін емдеу схемалары бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің жүйелерімен біріктіру. Бұл – жоспарлау тәртібін және өңірлерді дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуді арттырады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Адалдық алаңы» жобасының желісі бойынша жұртшылықпен бірлесіп СК-Фармация мен денсаулық сақтау басқармаларының қоймаларындағы дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың қажетті көлемінің болуына мониторинг жасауды жалғастырады. Сонымен қоса, бағаны негізсіз қымбаттату бөлігінде коммерциялық дәріханалық желілері мен амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету аясында медициналық ұйымдар жанындағы дәріханаларға да мониторинг жүргізілуде.
Белсенді азаматтарды жұмылдыру арқылы гуманитарлық көмек жеткізілуде.
Әкімшілік шығындарды оңтайландыру бөлігінде үй-жайларды жалдауға, іссапарларға, ақпараттық-имидждік сүйемелдеуге және полиграфиялық қызметтер көрсетуге арналған шығындарды қысқарту есебінен 239,7 млн теңге үнемделді.
Айта кетейік, осыған дейін «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-да Антикор жүргізген талдау – бизнес-үдерістерді қайта қарауға, тиісті шығындарды оңтайландыруға ықпал етті. Нәтижесінде, мемлекеттік бюджет жыл сайын 1,3 млрд теңгеге үнемделетін болды.